• 27 ноября, 2024 7:37 пп

Жаңа экономикалық саясат: Бағыт қалай, бағдар қандай? Шымкентте мемлекеттік бағдарламалар қалай жүзеге асты

Автор:admin

Авг 3, 2023

2020-2024 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық саясат «Қазақстан-2050» Стратегиясын және Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын іске асыру шеңберінде халықтың әл-ауқатын арттыру және экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету жөніндегі ұзақ мерзімді мақсаттарға қол жеткізу үшін жүргізілетін саясаттың сабақтастық қағидаттары Шымкентте қарқынды жүзеге асырылуда. Тәуелсіздік жылдарында Шымкент қаласының экономикасы түрленді. Қаламызда құрылыс индустриясы, машина жасау, мұнай-химия, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өндірісі, текстиль өнеркәсібі, фармацевтика, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, тағы басқа өндірістік салалар қалыптасты. Экономиканың өз заңдылығы бар: өсім бірде шарықтайды, бірде құлдырайды, жаһандану заманында есік-терезеңді тас бүркеп, өзіңмен өзің отыру мүмкін емес; әлемдегі алапат өзгерістерді Қазақстан да айналып кете алмайды, теңгенің тәлтірек қағуы, ел ішіндегі инфляцияның қырық құбылуы өрмекшінің торындай мың сан жіпке байланған. ХХ ғасырдың көрнекті экономисі Джон Мейнард «Общая теория занятости, процента и денег» деген кітабында «Экономикалық және саяси философия саласында 25 немесе 30 жасқа жеткеннен кейін жаңа теория ықпалына түсетін адамдар көп те болмас, сондықтан мемлекеттік қызметшілер, саяси қайраткерлер мен үгітшілердің ағымдық оқиғаларда қолданып жүрген идеялары соншалық тың жаңалық емес. Алайда ерте ме, кеш пе қарақан бастың мүддесінен, ізгілік үшін де, зұлымдық үшін де тап осы идеялар қауіпті болады», – деп жазған болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі және сыртқы саясат шеңберінде бірқатар тың қадамға барып, ел экономикасы мен ұлт болашағының дамуы мен өрістеуіне сеп болатын үлкен бастамалар көтеріп, нақты шешімдер қабылдады. «Біздің экономикалық саясатымыздың базалық мақсаты – өзгеріссіз қалады, азаматтарымыздың сапалы әрі инклюзивті тұрмысы қамтамасыз етілуі керек», – деді Президент. Сондай-ақ баршаға бірдей мүмкіндік жасау жаңа экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі болуы керектігін атап өтті. Мемлекет басшысы экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдады. Сондай-ақ ұлттық жобалар тізбесін бекітті. «Жаңа экономикалық бағдардың басым бағыты жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру яғни мемлекеттік капитализм мен мемлекеттің экономикаға шектен тыс килігуінен кету; бәсекелестікті дамытып, баршаға бірдей мүмкіндік жасау және әрине, ұлттық табысты әділетті бөлу болмақ». «Соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбеюде. Үнемі осылай «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүре алмаймыз. Біздегі қаржылық орнықтылықтың қоры соншалықты шексіз емес. Бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажет екені сөзсіз. Бірінші кезекте, мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек. Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджет ережесін енгізуді тездеткен жөн», деп арнайы тапсырма берді.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin