• 21 ноября, 2024 7:52 пп

Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілінің – латын графикасына әсері!

Автор:admin

Июл 16, 2022

Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері (Ереже) – латын графикасындағы қазақ әліпбиі бойынша дұрыс жазуды көрсететін құқықтық күші бар құжат. Сонымен қатар латыннегізді жаңа әліпби бойынша қазақ тілінің орфографиялық нормаларын тұрақтандыратын, дұрыс жазу мәдениетін қалыптастыратын басты нормативті қағидалар болып саналады. Ережеде алдымен ұлттық тілдің жазу-сызумен байланысты:

тілдің жалғамалылығы;

тілдің ықшамдалуы;

тіл дыбыстарының үндестігі;

дауыссыздардың бір-бірімен үйлесімділігі, т.б. негізгі заңдылықтары мен ерекшеліктері ескерілді.

Ереженің негізгі ұстанымы үшін фонематикалық принцип басшылыққа алынды. Сонымен қатар қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамындағы көне және кірме тілдік қабаттардың кейбір түрлерінің емлесіне қатысты дәстүрлі және фонетикалық, ал төл сөздердің күрделі түрлері үшін морфологиялық принцип те қолданылды.

Ережеде:

латын негізді әліпби бойынша қазақ тілі дыбыстарының мәнін білдіретін әріптердің үндестікпен, үйлестікпен жазылу нормасы көрсетілді;

сөздерді бірыңғай жуан немесе жіңішке жазу, соған сәйкес қосымшалардың жуан немесе жіңішке жалғану үлгісі берілді;

қосар дыбыстарды (ұу/үу, ый/ій) дара әріппен (у, и әріптерімен) таңбалаудың үлгісі ұсынылды;

қазақтың әдеби тіліндегі емлесі қиын сөздердің орфографиялану ерекшеліктері көрсетілді;

латыннегізді жаңа әліпбиде жоқ ё, й, ц, щ, э, ю, я, ь, ъ әріптерінің жазылу баламасы берілді;

бейүндес буынды кірме сөздерге қосымша жалғаудың орфографиялану тәртібі көрсетілді;

шеттілдік сөздердің орфографиялану үлгісі ұсынылды;

біріккен, кіріккен, тіркесті және қос сөздердің емлесі, сондай-ақ бас әріппен жазылатын атаулардың жазылуы мен тасымалдың тәртібі көрсетілді. Ереже түзуде ұлттық тілдің ерекшеліктері мен заңдылықтарына сәйкес болуы, дәстүрге айналған базалық нормалардың сақталуы, техникалық жақтан қолдануға оңтайлы, жинақы болуы, халық тілінің дыбыстық қор әлеуетінің кеңірек қамтылуы, жаһандану үрдісінде жазу-сызудың ұлттық сипатының сақталуы ерекше назарға алынды. Сонымен бірге бұған дейінгі жазу тәжірибесі, тұрақталған нормалары, латыннегізді әліпбиді қолданған және қолдана бастаған түркітектес халықтардың емле тәжірибелері ескерілді. Бұл Ереженің бастапқы нұсқасын түзу жұмысы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында (Институт) атқарылды. Институт әзірлеген Ереже жобасы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық және Әдістемелік жұмыс топтарының бірлескен ғылыми-практикалық семинар-кеңестерінде бірнеше мәрте қаралып, талқылаудан өткізілді. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы еліміздің бірқатар өңірінде ересектер, оқушылар, сондай-ақ, оқытушы-филологтер арасында сынама-сауалнама арқылы тексеруден, республикадағы ЖОО-ның оқытушылары мен тілтанушы мамандарының тәуелсіз сараптамасынан өткізіп, Ережеге соңғы редакциялау жұмыстарын жасап, көпшілік назарына ұсынып отыр.  Қазақ емлесіндегі тың өзгерістер, жаңа қағидалар және олардың ғылыми негіздемесі ортологиялық құралдарда жан-жақты қамтылады. Ереже латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық қазақ әліпбиі бойынша Орфографиялық, Орфоэпиялық, Шеттілдік сөздер сөздіктері, Емлесі қиын сөздер сөздігі, Анықтағыштар мен Нұсқаулықтар, басқа да әдістемелік құралдар түзу мен жасауда, мамандар даярлауда ғылыми-нормативтік тірек ретінде алынатын басты құжат болып саналады.

Jsk ақпарат

Автор: admin