• 25 ноября, 2024 9:41 пп

Жемқорлықтың алдын-алу

Автор:admin

Апр 10, 2024

Мемлекеттік-құқықтық қызмет жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың басты құралы ретінде мемлекеттік қызметшілер үшін этикалық стандарттарды белгілейтін Әдеп кодексі қолданылады. Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі жаңа редакцияда қабылданды. Онда ашықтық, әділдік, адалдық, сыпайылық, адал ниеттілік, және адамға бағдарлану – мемлекеттік қызметтің негізгі әдептік қағидаттары ретінде белгіленді. Осылайша, қызметшілер жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсетіп, өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуі, халықтың сұранысына сай қызмет көрсетуі және азаматтардың өтініштерін қарау кезінде әуре-сарсаңға жол бермеуі тиіс. Еліміздің барлық өңірлерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шаралар әзірлеуді көздейтін Әдеп кеңестері жұмыс атқарады. Олардың басты міндеттерінің қатарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасын бұзу профилактикасы бойынша жұмыс қорытындыларын қарау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу нысандары мен әдістерін жетілдіру мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу арқылы сыбайлас жемқорлықты ескерту мен оның алдын алу кіреді. Бұл бағытта, Әдеп жөніндегі уәкілдер тарапынан жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жыл басынан 17 мыңнан астам азамат пен қызметшіге консультативтік көмек көрсетілді. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы қолданыстағы заңнамаларға сәйкес мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларына қоластындағы қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін жауаптылық қарастырылған. Ағымдағы жылы осы мәселені күшейту мақсатында заңнамаға толықтырулар енгізілді. Енді қоластындағы қызметшісі бірнеше рет немесе ірі және аса ірі мөлшерде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаса, саяси мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауапкершілігі міндетті түрде қаралатын болады. Сонымен қатар, саяси мемлекеттік қызметші бұрынғы жұмыс орны бойынша қызметі кезеңінде өзіне тікелей бағынысты қызметшінің сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін отставкаға кету жауапкершілігінен босатылмайды. Электрондық мемлекеттік қызметтерді дамыту сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың тиімді тетіктерінің бірі. БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамытудың жаһандық рейтингінде Қазақстан 28-орынға көтерілді. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 93%-ы электронды түрде көрсетілуде. Бұл адам факторының орын алмауына үлкен септігін тигізуде. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылауды жетілдіру аясында проактивті мониторинг жасау арқылы құқық бұзушылық орын алған жағдайда заңдылықты орнату тәжірибесі басталды. Жүргізілген мониторинг өңірлерде алты жүзге тарта негізсіз бас тарту және толық жауап жолдамау фактілерін анықтап, қызмет алушылардың құқығы қорғалды.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin