• 23 ноября, 2024 8:32 дп

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ   ӨМІР САЛТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ  СӨЗ БОЛДЫ

Автор:admin

Ноя 3, 2024

Шымкент қаласында  «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» тақырыбында кездесу өтті. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған жиынға елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, психологтар мен қалалық полиция департаментінің өкілдері қатысты. 200-ге жуық адам қатысқан алқалы отырыста жан-жақты ұсыныстар мен тәлімі мол әңгімелер айтылды.  Іс-шара келушілердің Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасын аралаудан басталды. Талай жылдық тарихты сөйлеткен кітапхана бөлімдерінің әрқайсысы ғасырлардан сыр шертеді. Жастардың ең көп жиналатын орындарының бірі кітапхана. Сондықтан, маңызы мол іс-шара дәл осы ғимараттар өтті. Жиында қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін жан-жақты талқылап, оның қоғамдағы теріс салдарын азайту, алдын алу және жою бойынша пікір алмасты. Ләйлә Сұлтанқызы жастармен ашық сұхбат құрып, қоғамдағы зорлық-зомбылықсыз мәдениетті дамытудағы әр адамның рөліне назар аударды.

– Қазіргі нарықта әрбір қыз сұлулықты қалайды. Дегенмен, сұлулық ол – білім, әдеп, дұрыс қалыптасқан тұлғада болады. Ал, нәзіктік пен қарапайымдылық барлық уақытта трендте. Отбасындағы зорлық-зомбылық қоғам үшін қалыпты болуы мүмкін. Бірақ әйелдің болашақтағы болмысы үшін, өмірі үшін үлкен қауіп тудырады. сондықтан, екі жақты келісімге келу арқылы барлық түсініспеушіліктің алдын алуға болады,-дейді тележүргізуші, қоғам қайраткері Ләйлә Сұлтанқызы. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңның күшіне енгеніне 4 айдан астам уақыт болды. Отбасының берекесін алып, жұбайы мен бала-шағасына қол көтергендерге жаза қатаңдатылған. Ел ішінде ең көп талқыланған заң аясында біршама жобалар да қолға алынған. Мәселен, «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау ортылығының басшысы Сабира Байзақова бүгінге дейін 20 кездесу ұйымдастырылғанын айтты.

– Кездесулердің басым бөлігі, Оңтүстік өңірлерінде болады. Әртүрлі тақырыптар қамтылады. Жиынға келушілер өз қалауларымен психологтардың көмегіне тегін жүгінуіне мүмкіндік алған. Кейбір қыз-келіншектер алғашқы сеанстардан оң нәтиже берсе, енді бірі жарты жылдық уақытты талап етеді. «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасын жүргізу нәтижесінде халық арасында сауалнама жүргіздік. Тек жыныстық, физикалық күш көрсетуден бөлек материалдық қысымда бар екені анықталды,-дейді Сабира Байзақова. Жиын барысында Ләйлә Сұлтанқызы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жыл сайын бөлінетін «Аңсаған сәби» бағдарламасына әлі де қатысуға болатынын айтты. Тәлімі мол кездесу жастардың санасына зорлық-зомбылықсыз өмір салтын қалыптастырудың маңыздылығы және қоғамда белсенді азаматтық ұстанымның болуы керек деген тұжырыммен аяқталды.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin