• 24 ноября, 2024 9:39 пп

Инвестициялық портфельді басқарушылар: қалай таңдау керек және нені білген дұрыс?

Автор:admin

Май 18, 2023

Біздің зейнетақы жинақтарымыз зейнетақы жарналары мен оларға есептелген инвестициялық кірістерден тұратыны белгілі. Зейнетақы активтерін инвестициялаумен ҚР Ұлттық Банкі, ал 2021 жылдан бастап инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) да айналысады. Зейнетақы жинақтарын міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен сенімгерлік басқарудың басты мақсатытүрлі қаржы құралдарына инвестициялау және табыс алу.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы қаңтардан бастап заңнамаға сәйкес Қазақстанның әрбір азаматы МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен қалыптастырылған өзінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке басқарушы инвестициялық компанияларға сенімгерлік басқаруға беруге құқылы. Бұл құқықты зейнет жасына толмаған, МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен «ең төменгі жеткіліктілік шегінен» асатын зейнетақы жинақтары бар салымшылар, сондай-ақ, сақтандыру компанияларымен өмір бойғы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан салымшылар пайдалана алады.    

Қандай компанияларға МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын басқаруға рұқсат беріледі?

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (уәкілетті орган) инвестициялық портфельді басқарушыларға ерекше талаптар әзірледі. ИПБ-лар инвестициялық портфельді басқарулицензиясына, нарықтағы табысты жұмыс және клиенттердің активтерін басқару тәжірибесіне, соңғы бірнеше жыл қорытындылары бойынша қаржы-шаруашылық қызметтің оң нәтижелеріне, зейнетақы активтерін инвестициялауға байланысты шығындарды жабу үшін меншікті капиталдың жеткілікті мөлшеріне және т.б. артықшылықтарға ие болулары шарт. ИПБ-лар уәкілетті органның тізіліміне енгізіледі. Бұдан басқа, ИПБ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы БЖЗҚ-мен шартқа отырып, БЖЗҚ және кастодиан банкпен үш жақты кастодиандық шарт жасасулары тиіс.

2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша зейнетақы активтерін басқару үшін барлық талаптарға сәйкес келетін ИПБ тізіліміне бес ИПБ кірді. Олар: «Jusan invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Halyk Finance»АҚ. Тізімдері enpf.kz сайтында орналастырылған.

           Зейнетақы жинақтарыңызды басқаратын өз компанияңызды қалай таңдай аласыз?

Зейнетақы активтерін басқарушылар – Ұлттық Банк пен ИПБ зейнетақы активтерін инвестициялаудың өзіндік стратегиясына ие және инвестициялық портфельдің құрылымын инвестициялық декларация шеңберінде дербес айқындайды. Осылайша, ИПБ зейнетақы активтерін инвестициялау үшін қандай қаржы құралдарын пайдаланатындары жайлы инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларына сәйкес рұқсат етілген тізбе шеңберінде өздері айқындайды. Бұл экономиканың түрлі салаларындағы, Қазақстандағы және шетелдегі түрлі валюталардағы қаржы құралдары болуы мүмкін.

МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ сенімгерлік басқаруына аудармас бұрын нарықтағы ИПБ-дың  қолданыстағы тізбесімен танысу, олардың БЖЗҚ сайтындағы инвестициялық декларацияларын, инвестициялық қызмет туралы шолуларын зерделеу қажет. Таңдап алған жеке компанияның тәжірибесімен, көрсеткен жұмыс нәтижелерімен толығырақ танысу туралы кеңес береміз.

Сіз олар туралы ақпаратпен танысып, инвестициялық декларацияларын https://www.enpf.kz/ сайтындағы Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімі»бөлімінен біле аласыз. МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі толық статистика да www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру»бөлімінде қолжетімді.

Инвестициялық басымдықтарға анағұрлым сәйкес келетін ИПБ таңдалғаннан кейін БЖЗҚ-ға МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын бір немесе бірнеше ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына аудару туралы өтінішпен жүгіну қажет.

     Зейнетақы жинағын ИПБ-ға аудару кезінде нені білген маңызды?  

МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру туралы өтінішті БЖЗҚ-ға enpf.kz сайтындағы Жеке кабинет арқылы ЭЦҚ көмегімен немесе бөлімшеге жүгінген кезде беруге болады.  
МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары өтініш келіп түскен күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде аударылады. Оның күшін мәлімделген соманы БЖЗҚ ИПБ-ға аударғанға дейін жоюға  болады. Өтініштің қаралу мәртебесін Қор сайтындағы Жеке кабинетте тексере аласыз.
ИПБ инвестициялық басқаруы үшін инвестициялық кірістің 7,5% аспайтын мөлшерде комиссия алуға құқылы. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ны басқару органы бекітеді және оны жылына 1 рет қана өзгертуге болады. 2023 жылға арналған ИПБ комиссиялық сыйақысы туралы өзекті ақпарат enpf.kz сайтындағы«Қызметтер» –»Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімі» бөлімінде орналастырылған.
МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне жылына тек 1 рет аударуға болады.  Егер сіз жинақтарыңызды ҚР ҰБ басқаруына қайтару туралы шешім қабылдасаңыз, ол МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинағыңызды Ұлттық банктің басқаруынан ИПБ-ға бергеннен кейін екі жыл өткен соң ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
Салымшы зейнет жасына толғанға дейін 10 жұмыс күні бұрын салымшының МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен қалыптастырылған барлық зейнетақы жинағы Ұлттық Банктің инвестициялық басқаруына қайтарылады.

МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ға аудару жөніндегі барлық қажетті ақпарат пен қадамдық нұсқаулық www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін сенімгерлік басқаруға аудару» бөлімінде орналастырылған.

Әлеуметтік кодекс түрлі мүмкіндіктерге жол ашпақ

2023 жылғы 16 наурызда Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Әлеуметтік кодекс жобасын қабылдады (қолданысқа 01.07.2023 ж. бастап енгізу жоспарланған). Оған сәйкес салымшыларға МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының 50% дейін, жеткіліктілік шегіне қарамастан, ИПБ-ға аудару құқығы берілген. Ал ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) жеке зейнетақы шотында бар соманың көлеміне қарай аударуға болады. Бұл ретте мемлекет МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сақталуынатек ҚР Ұлттық банкі басқаруындағы бөлігі бойынша инфляция деңгейін ескере отырып, кепілдік береді. МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының ИПБ басқаруына берілген бөлігінің сақталуына салымшы таңдаған ИПБ жауапты болады.

Таңдалған ИПБ-ның БЖЗҚ салымшысы алдындағы жауапкершілігі

Сонымен, зейнетақы жинақтары Ұлттық банктің басқаруында болған кезеңде салымшы зейнет жасына жеткенге дейін инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік беріледі. Зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруына аудару кезінде мемлекеттің кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ете алатын кепілдігімен ауыстырылады. Ол нарықта әрекет етіп отырған ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа өлшенген кірістілігін негізге ала отырып есептеледі. Зейнетақы активтері бойынша ең төменгі кірістілік пен орташа өлшенген кірістілік көрсеткіштері ай сайын есептеледі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми сайтында жарияланады.

Жыл қорытындысы бойынша ИПБ алған номиналды кіріспен зейнетақы активтері табыстылығының ең төменгі мәні арасында теріс айырма туындаған жағдайда, басқарушы компания осы айырманы салымшыға өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті. Осылайша, инвестициялық портфельді басқарушының тек беделі ғана емес, сонымен бірге меншікті капиталы да тәуекелге тігіледі. ИПБ санының аз болуы да осы себепке байланысты және оларға өте жоғары талаптар қойылады. Олардың ықтимал тәуекелдерді жабу үшін жеткілікті капиталы бар.

АНЫҚТАМА:

          2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 3 421 адам өздерінің МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын ИПБ басқаруына сеніп тапсырған. 5 957 өтініш бойынша 8,8 млрд теңге сенімгерлік басқаруға аударылды. Кейбір салымшылар МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының бір бөлігін бірнеше ИПБ-ға беру туралы шешім қабылдапты. Аударымның орташа сомасы: шамамен 1,5 млн теңге. Бұл ретте ИПБ басқаруындағы қаражаттың жалпы көлемі инвестициялық табысты қоса алғанда шамамен 9,6 млрд теңге.

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kzсайтында).Э

Автор: admin