• 21 ноября, 2024 11:55 дп

Латын әліпбиіне көшу – ұлттық тіліміздің тазалығына бастайды!

Автор:admin

Окт 11, 2022

Белгілі ғалым Шәкір Ыбыраев әліпбиді латынмен ауыстырғанда ұтатын жақтарымызды былай таратады: Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Лингвист Шерубай Құрманбайұлы латын әрпіне көшудің қиындықтары болғанымен, латын әрпіне көшу уақыт талабы екенін айта келіп, кейінгі ұрпақ қазіргі 42 әріпке қарағанда 33 таңбадан тұратын латын әліпбиін тез үйреніп алады деген ойын білдіреді. Тұтастай алғанда, латын әліпбиіне көшуді қолдаймыз. Бұл ретте, әсіресе, жастар латын әліпбиіндегі қазақ жазуын тез игеріп алады. Мектепте ағылшын тілі пәнін оқуы, басқа әлеуметтік-қажеттілік жағдайлары олардың жылдам меңгеруіне мүмкіндік жасайтыны сөзсіз. Ең басты мәселенің бірі – қолданылуға өте ыңғайлы, әлемдік жаңа технологияларға ыңғайланған, қазақ тілінің, сондай-ақ Қазақстанда тұрып жатқан басқа сан ұлттың тілдік жайларын да қамтитын жақсы латын харпіндегі алфавитті құрастыру болып табылады. Бұл — өте күрделі және басты жұмыс. Біздің ойымызша, өзге түркі халықтарының да жазуын оқитындай ортақ үлгіде болып жатса, құба-құп деп білеміз. Түркі халықтарының арасындағы рухани байланысты орнатуға мүмкіндік берсе, тіптен жақсы. Екінші күрделі мәселе – Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің бұл жазуға көшу жайы. Орыстілділердің көшуі қалай болады? Олардың уәжінде кирилица жазуын қатар қолдана берейік деуі және бұл процесс тым ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Қазіргі уақытта, жасыратыны жоқ, елімізде мемлекеттік тіл өз дәрежесінде, биігінде тұрған жоқ. Бір кездегі мемлекеттік тілге деген құлшыныс, қызу қозғалыс қазір көп бәсеңсіп қалған тәрізді. Мұнда да үлкен кедергі келтіріп, қолбайлау болып отырғандар орыстілділер болып табалады. Және биліктің басым бөлігі олардың қолында. Қазіргі мемлекеттік тіліміздің жайы тәрізді ертең латын әліпбиіндегі жазуға көшу тым ұзаққа созылып, сиырқұйымшақтанып кетпей ме? Бұл үшін мемлекет тарапынан жан-жақты ойластырылған жоспарлы, мақсат-мүдделі жұмыс қажет. Үшінші күрделі мәселе – әрине, бұл екінші мәселемен байланысты, дегенмен өз алдына бөлек айтса да жөн болады. Ол – БАҚ мәселесі. Қазақстанда қазақ тілінде шығатын газет-журналдан гөрі орыс тілінде шығатын мерзімді басылымдар әлдеқайда көп және таралуы жағынан да басым. Олардың өзіндік уәждері де болуы мүмкін. Мәселен, «біздің газет Қазақстанда да, көршілес Ресей мемлекетінде тарайды» деуі мүмкін. Екі жазуда шығару тиімсіз. Сонда ол газет Қазақстанда орыс алфавитімен жазылған қалыпта тарай бере ме, оның мыңдаған оқырмандары орыс алфавитімен жазылған қалыпта оқи бере ме? Біздіңше, бұл да өте күрделі мәселе. Сондықтан да бұл мәселелерді осы кезден жан-жақты ойластырып, мемлекет тарапынан бір нақты шешімге келіп, бағдарламамен жұмыс атқарылуы тиіс. 2025 жылға дейін уақытты күтіп жатудың қажеттілігі жоқ. Дайындық, насихат жұмыстары белсенді орындалуы тиіс. Ол үшін арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеп, нақты мақсат-міндеттермен, шешілуі тиісті мәселелермен айналысуы керек. Қоғамдық пікірді ұйымдастыру қажет. Орыстілділердің мәселелері зерттеліп, оны шешудің ғылыми, оңтайлы жолдары іздестірілуі тиіс.

Jsk ақпарат

Автор: admin