• 22 ноября, 2025 11:02 дп

М.Қабденов: Түркістан облысында жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында 52000-нан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді

Автор:admin

Ноя 22, 2025
Screenshot

 

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденов жариялаған «Профилактика жылы» аясында және “Заң мен тәртіп” қағидатына сәйкес Түркістан облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы кешенді шаралар қарқынды жүргізілуде.

Түркістан облысының бас полицейі Мұрат Қабденов жол апаты жиі орын алатын қауіпті учаскелерге және көрші облыстардың жолын жалғап тұрған полицияның шеп бекеттеріне барып, жүргізушілермен арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жыл басынан бері полицейлер 32 апатты учаскені қоса алғанда жол қозғалысына тікелей әсер ететін 52 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады.

Атап айтқанда 50 548 жаяу жүргіншіге жолдан өту ережесін бұзғаны үшін әкімшілік шара қолданылды, 762 жүргізуші қарсы бағытқа шыққаны үшін сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылды, 866 мас жүргізуші анықталып, олар да көлік жүргізу құқығынан шеттетілді.

Арнайы дрон аппаратының көмегімен 1300-ге жуық құқық бұзушылық тіркелді.

Қазіргі уақытта облыста және жалпы республика бойынша 18–23 қараша аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

Акцияның мақсаты — жол-көлік оқиғаларының алдын алу, тәртіп деңгейін арттыру және жолдағы қауіпсіздікті нығайту.

Әрбір жол-көлік оқиғасы және олардың туындау себептері бойынша егжей-тегжейлі талдаулар жүргізілуде. Қауіпті жол учаскелерінде жол жағдайын бақылауды күшейту мақсатында патрульдік экипаждар мен бейнебақылау жүйелерін қайта бөлу жүзеге асырылып жатыр.

Мәселен бүгінгі таңда жолға қатысты қабылданған шаралардың нәтижесінде Республикалық автожолдарда жол-көлік оқиғаларының саны 4,5%-ға, қаза тапқандар 5,3%-ға, жарақат алғандар 18,4%-ға азайды.

Елді мекендер аумағында ЖКО салдарынан қаза болу деректері 27,2%-ға кеміді.

Осылайша облыстың республикалық маңызы бар автожолдарында жол-көлік оқиғалары деңгейін төмендетуге қол жеткізілді.

Бұдан бөлек жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және авариялық жағдайларды азайтуға бағытталған профилактикалық және ұйымдастырушылық шаралар кешенін іске асыру жалғасуда.

Полиция қызметкерлері тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

«Жолдағы қауіпсіздік – бәрімізге ортақ жауапкершілік», — дейді тәртіп сақшылары.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

Автор: admin