Мемлекеттік сатып алу жүйесін жаңағартуға Мемлекет басшысының құрылыс нарығын демонополизациялау жөніндегі тапсырмасы да айқын ескеріледі. Ведомство өкілінің айтуынша, тапсырыс берушімен келісілмеген қосалқы мердігерлерді тартқан жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы шартты бұзу үшін тапсырыс берушінің қосымша құқығы көзделген. Сондай-ақ көрсетілген қызметтер тәжірибесінің болуы бөлігінде конкурстық баға ұсынысына әсер ететін өлшемшартты есептеу 10 жылдан 5 жылға дейін төмендетілді. «Қазіргі уақытта Қаржы министрлігі аумақтық белгі және теріс мәні түріндегі әлеуетті өнім берушінің конкурстық баға ұсынысына әсер ететін жаңа өлшемшартты белгілеу бөлігінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына түзетулер пакетін әзірледі. Түзетулер бүгінде ұлттық кәсіпкерлер палатасымен талқыланып жатыр. Бұл тәсілдер жергілікті компанияларға конкурста жеңіске жетуге және жұмыс көлемін қосалқы мердігерлікке беру фактілерін болдырмауға, ірі компаниялардың монополиялық жағдайын төмендетуге, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік береді», деді Д.Кеңбейіл. Бастауын былтыр алған тағы бір жаңашылдық – «Самұрық-Қазына» қорының және квазимемлекеттік сектордың барлық субъектілерінің сатып алуларын реттейтін «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген Субъектілерінің сатып алуы туралы» заңның күшіне енуі. Бұл ретте Қордың директорлар кеңесі сатып алудың жаңа тәртібін бекітіпті. «Басқа ішкі құжаттарға сілтемелерсіз тікелей әрекет ету тәртібі қабылданды. Сатып алудың бәсекелестік емес тәсілдерін алып тастау және отандық бизнесті қолдауға бағытталған кешенді шаралар көзделген. Бір көзден сатып алу тәсілін заңсыз қолданғаны үшін дербес жауапкершілік енгізілді. Қордың сатып алу порталында барлық ақпаратты орналастыру, сондай-ақ шағымдар тізімін қалыптастыру қарастырылған. Қордың сатып алу тәсілдері мейлінше мемлекеттік сатып алуларға жақындатылып, бір ізге түсірілді», деді спикер. Қордың сатып алу тәртібін Қаржы министрлігімен және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен міндетті түрде келісу заңмен бекітілген. Вице-министрдің сөзінше, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңды әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Жаңа заңның негізгі мақсаты – рәсімдерді егжей-тегжейлі реттеместен заңға икемділік беру, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, одан әрі цифрландыру есебінен сатып алу үдерісін оңайлату және сатып алулар бойынша бірыңғай платформа құру. Мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар қатарынан жұмыс тобы құрылды. Бірлескен талқылаудың, сондай-ақ проблемалық мәселелерді анықтау тұрғысынан заңнамаға жүргізілген нәтижелер бойынша жаңа заңның негізгі тәсілдері әзірленді. Қазіргі уақытта заң жобасы реттеушілік саясаттың консультативтік құжатының жобасы – қоғамдық талқылауда», деді вице-министр.
Jsk ақпараттық агенттігі