• 21 ноября, 2024 1:06 пп

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Автор:admin

Ноя 25, 2021

✅Елімізде барлық мемлекеттік қызметшілер бойынша ақпаратты қамтитын «Е-қызмет» жүйесі жұмыс жасайды. Бұл жүйеде кез-келген мемлекеттік қызметші туралы толық ақпарат, яғни білімі, қайда қызмет еткені, отбасы жағдайы, марапаттары мен жауапкершілікке тартылғаны және тағы басқа жеке мәліметтерден бөлек, мемлекеттік мекемеге қашан кіріп, қашан шыққанына дейін толық ақпарат қамтылады.

✅Аталған жүйенің қалыпты жағдайда жұмыс жасауы мен тұрақты түрде жаңартылып отыруына қатысты бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы аудан әкімдері мен басқарма басшыларын бас қосқан жиында ерекше атап өтті.

✅Әкім төрағалығымен өткен бұл жиын мемлекеттік қызметтің негізгі бағыттарына арналды. Аталмыш басқосуда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жергілікті департаментінің басшылығы Президент Әкімшілігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бақылауындағы негізгі көрсеткіштерді қамтитын тапсырмалардың орындалу барысы жайлы баяндады.

✅Сонымен қатар, өңір басшысы «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінен бөлек, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен мерзімдері, таза ауысымдылық, кадр тұрақтылығы мен командалық ауысу мәселелері, мемлекеттік қызметшілердің, әсіресе бірінші басшылардың этикасы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның жіті бақылауында екенін атап өтті.

✅Аталған жиында өңірдің атқарушы органдарының бірінші басшылары мен аудан әкімдері бас қосты.

JSK ақпарат

Автор: admin