Тәуелсіз Қазақстанда жаңа тұлғалар қалыптасқандығын жиі айтамыз. Осы заманның қаһармандары пайда болғаны рас. Ендігі кезекте ономастикалық комиссиялар назары осы мәселеге көбірек аударылуы керек. Тәуелсіздікке қызмет еткен тегеурінді тұлғалар есімін ардақтауға басымдық берілетін уақыт келді. Осы ретте сала мамандары жергілікті ғалымдармен бірлесе отырып, өзге ұлт өкілдері көбірек шоғырланған елді мекендер мен жер-су атауларына терең ғылыми негіздемелік зерттеулер жасауы тиіс. Мәселен, осы заманғы технологиялық жүйелерді ұлт игілігіне пайдалану керек. ЖПС жүйесін неге қолға алмасқа? Көптеген қалаларда көше аттары қайталанады. Айталық, Алматы қаласында бірнеше Әуезов, Сейфуллин, Мақатаев көшелері бар. Қала көлемі ұлғайды. Жаңадан аумақ қосылды. «Жедел жәрдем» бара алсмайтын, көшелерді жиі шатастыратын жағдайлар орын алып жатыр. Осы тұста космостық байланыс, осы заманғы жаңа құрылғыларды тиімді пайдалану қажет-ақ. Ең үлкен мәселенің бірі – патшалық және кеңестік кезеңнің «ескерткіш» атауларынан арылу жайы. Кезінде күштеп отарлау, зорлықпен қоныстандыру саясаты салдарынан Қазақстанның солтүстік және батыс, сондай-ақ шығыс өңірлерінде қаншама елді мекеннің атауы жөнсіз өзгертілді. Сол атаулар әлі күнге дейін өзгеретін емес. Бұл жерде саяси шешім керек. Қазақстан Үкіметі бұл туралы арнайы қаулы қабылдап, күштеп таңылған елді мекендердің атауын бір қаулымен тұтас өзгертуі қажет. Онсыз «жергілікті халықтың еркіне салу» деген желеуге салатын болсақ, әлгіндей атауларды ешқашан өзгерте алмаймыз. Үкімет қаулысында Қазақстанның отарлық және советтік жүйе тұсында көрген зардаптары: еріксіз ұжымдастыру, қолдан жасалған аштық, репрессия салдары ашық көрсетіліп, 3,5 миллионнан астам қазақтың қырылғанын ерекше атап, соның салдарынан ономастика саласындағы сорақылықтар тізбеленіп, зорлықпен таңылған елді мекен атауларын өзгерту туралы ұсыныс жасалуы тиіс. Сонда ғана әділетті шешім қабылданады. Түрлі дау-дамай туындамайды. Тіпті бұл ұсынысты Үкіметке Қазақстан Халқы Асссамблеясы жасаса, тіпті келісіп кетер еді. Өйткені, Мемлекет Басшысының еліміздегі ішкі тұрақтылық пен тыныштықты сақтау саясатына үндесетін игі шараны осындай мәртебелі құрылым мінберінен жасау да парасатты әрекеттің бірі болмақ. Ономастика мәселесі — тек филолог-ғалымдардың не болмаса, тілдерді дамыту басқармалары мамандарының ғана шаруасы емес. Бұл — белгілі тарихшылардың, географ мамандардың, жалпы, халықтың, тұтас ұлттың проблемасы. Демек, бұл мәселенің ұлттық сипаты қашан да есте тұруы тиіс! Негізгі басымдық мемлекетшілдік пен ұлттық дәстүрге негізделуі тиіс деп есептеймін.
Jsk ақпарат