• 21 ноября, 2024 12:35 пп

Психотроптық заттарды дайындауға арналған астыртын зертхананы ашқаны үшін сотты болды.

Автор:admin

Ноя 13, 2024

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында А.К. және М.К.-ға қатысты ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің 1),3),5) тармақтарымен (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) және 296-бабының 2-бөлігімен (есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) айыптау бойынша қылмыстық іс қаралды. Соттың анықтағаны:   Сотталушылар  Түркістан облысы, Түлкібас ауданында психотроптық заттарды дайындауға арналған жасырын зертхананы ұйымдастырып, қажетті барлық қондырғылары және құрылғыларымен  жабдықтаған. Ағымдағы жылдың  шамамен бас кезінде сотталушылар тергеумен анықталмаған тұлғалардың, яғни сыбайластарының нұсқауы бойынша, өздерінің жасырын жабдықтаған зертханасында жалпы салмағы 11 килограмнан асатын «мефедрон» психотроптық затын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында дайындап, осы психотроптық заттарын екіге бөліп, Түркістан облысының Түлкібас және Сайрам аудандарының аумағына жасырған.  Сотталушылар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің  қызметкерлерімен  құрықталған. Жасырын зертхана ретінде жабдықталған сарайды тінту жүргізу кезінде жалпы салмағы 27 килограммнан асатын «мефедрон» психотроптық заты анықталған.   Сондай-ақ, сол күні А.К.-ның Шымкент қаласы, 16 шағын ауданындағы пәтерін тінту барысында, өзі қолдану үшін өткізу мақсатынсыз сақтап қойған массасы 1,48 грамм кептірілген марихуана есірткі заты  тәркіленіп алынған.   Соттың тұжырымы немен бекітіледі: Сотталушылардың кінәлары тінту хаттамаларымен, кінәсін мойындап берген жауаптарымен, куәлардың жауаптарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және өзге құжаттармен дәлелденеді. Тараптардың ұстанымы: Мемлекеттік айыптаушы сотталушыларға бас бостандығынан айыру  жазасын тағайындауды  сұрады. Сотталушылар тағылған айыпты толық мойындап, өздеріне жазаны жеңілдетуді сұрады. Сот не себепті және қандай жаза тағайындады: Сотталушылардың жазасы мен жауапкершілігін жеңілдететін мән-жай ретінде асырауында жасөспірім балаларының болуы мен шын жүректен өкінуі болып танылады. Сотталушылардың жазасы мен жауапкершілігін ауырлататын  мән-жайлар табылмады. Сот: А.К.-ға ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің 1),3),5) тармақтарымен және 296-бабының 2-бөлігімен, түпкілікті 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады; М.К.-ға ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің 1),3),5) тармақтарымен, 10  жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады. Үкім заңды күшіне енген.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin