Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым!» деп айтқан болатын Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы. 2015 жылы Конституциялық кеңес, Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы шешім қабылдауына Республика Конституциясы қандай да бір шарттар мен шектеулер қарастырмайтынын түсіндірді, яғни тек қана Президент кезектен тыс сайлау өткізу туралы жариялай алады және оны өзі шешеді. Кезектен тыс Президент сайлауын өткізу мерзімдері Президенттің кезектен тыс сайлауы, кезекті сайлауы үшін белгіленген қағидаларға сәйкес өткізіледі. Сайлау іс-шараларын өткізу мерзімін орталық сайлау комиссиясы (ОСК) айқындайды. «ҚР Сайлау туралы» заңының 66 бабына сәйкес кезектен тыс сайлау мерзімін ОСК айқындайды. ҚР Президентіне қандай талаптар қойылады? Конституцияда Президенттікке төмендегілерге сай тұлғалар сайлана алады делінген: Тумысынан Республика азаматы болып табылатын; Қырық жасқа толған; Мемлекеттік тілді еркін меңгерген; Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын; Жоғары білімі бар; Мемлекеттік қызметте немесе сайлаулы мемлекеттік лауазымдарда бес жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі бар; Сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылмаған; Сот үкімімен абақтыда отырмаған. Конституцияға сәйкес, бiр адам қатарынан екi реттен артық Президент болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қолданылмайды. Ол шектеусіз сайлауға түсе алады. Кандидаттардың талапқа сәйкестігін кім, қалай тексереді? Орталық сайлау комиссиясы. Бұл рәсімге заң кандидатты ұсыну туралы республикалық қоғамдық ұйымның жоғарғы органы отырысының хаттамасынан үзіндіні ОСК-на ұсынған күннен бастап бес күн қарастырады. Аталған құжатпен бірге сайлауға түсуге келісімін берген кандидаттың өтініші мен кандидаттың сайлау жарнасын салғаны туралы құжат қоса жолданады. Кандидаттар мемлекеттік тілді қаншалықты деңгейде еркін меңгеруі тиіс? «Мемлекеттік тілді еркін меңгерген» тұлға қазақ тілінде сауатты жазып, оқып, өз ойын қиындықсыз жеткізетін және көпшілік алдында еркін сөйлей алуы тиіс. Бұл норманы 1998 жылы талқылаған Конституциялық кеңес осылай деп шешті. Президенттікке кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгеруі лингвистикалық комиссияның қорытындысымен анықталады. Лингвистикалық комиссия ОСК қаулысымен тіл мамандары мен басқа да мамандардан (бес адамнан кем емес) құрылады. Оның құрамы Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрлігімен мақұлданады. Бұрынғы сайлауларда комиссия мүшелері Мырзатай Жолдасбеков, Әбдуәли Қайдар, Сейіт Қасқабасов, Өмірзақ Айтбайұлы, Рымғали Нұрғалилар болды. Бұрынғы кезектен тыс сайлауларда 2015 жылы үміткерлер үш деңгейден тұратын емтиханнан өтті: Лингвистикалық комиссия ұсынған тақырыпқа екі беттен кем емес көлемде жазба жұмысын орындады; Комиссия ұсынған мәтіннен үш беттен артық емес көлемдегі үзінді оқыды; 15 минуттан кем емес уақытта тапсырылған тақырыпта жұрт алдында сөйледі. Жазбаша жұмыстарға бір сағат беріледі. Қажеттілігіне қарай тағы жарты сағат берілуі мүмкін. ОСК мүшесі биылғы сайлауда «Менің халқым – менің отаным», «Біздің күшіміз бірлікте», «Рухани құндылықтар», «ҚХА-халықтар жетістігі», «Абайдың қара сөздері» тақырыптары берілгенін мәлім етті.Оқуға Абайдың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Мұқағали Мақатаевтың, Фариза Оңғарсынованың шығармалары беріледі. Көпшілік алдында сөйлеуге үміткерлерге бір сағат беріледі. Бұған дейінгі сайлауларда «Жаһандану: үміт пен күдік», «Халық бірлігі» тақырыптары берілген. Кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгеруін анықтау рәсімі кандидатурасы келесі сайлауға ұсынылған сайланып қойған Президентке қолданылмайды. Сайлау туралы заңда осылай делінген. Сайлауға қатысу үшін кандидат қанша қаражат салуы керек? Кандидат ОСК есебіне 50 ең төменгі жалақыдан кем емес сайлау жарнасын енгізуі керек (1 ЕТЖ = 42 500 теңге), яғни 2 млн 125 мың теңге. Егер сайлау қорытындысы бойынша кандидат сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын алса, енгізілген жарна өзіне қайтарылады. Сондай-ақ кандидат қайтыс болған кезде де жарнаны қайтару қарастырылған. Қалған жағдайлардың бәрінде енгізілген жарна қайтарылуға жатпайды және республикалық бюджет кірісіне алынады. Президенттікке кандидатты тек қоғамдық ұйымдар немесе саяси партиялар ұсына алады.
Jsk ақпараттық агенттігі