• 23 ноября, 2024 10:09 дп

Синтетикалық есірткіні саудалап, есірткіден есі кеткендерге қатаң заң бар

Автор:admin

Ноя 16, 2024

Шымкентте есірткі бизнесін дөңгелетіп келген 27 жастағы бойжеткенге сот үкімі шықты. Синтетикалық есірткі сатып, ақша тауып келген оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. «27 жастағы азаматша өткен жылдың маусым айында «пирролидиновалерофенон» (α-PVP) есірткі затын полиэтилен пакетке салып, 11 мың теңгеден сатып жүрген жерінен ұсталған еді. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 2-бөлігі (ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізуге) қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Іс сотқа жолданып, оның барысында аталған азаматшаның кінәсі толығымен дәлелін тапқан» делінген қалалық Полиция департаменті берген мәліметте. Бойжеткенге қатысты қылмыстық іс Әл-Фараби аудандық сотында қаралды. Сот үкімімен оның кінәсі толықтай дәлелденген. «Сотталушы бұған дейін Түркістан облысы, Сайрам аудандық сотымен ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігімен (аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) 3 жыл 6 ай мерзімге сотталғаны ескеріліпті. Осы үкіммен тағайындалған жазаға ішінара қосу арқылы түпкілікті 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды» деп қосты ведомствадағылар. Шымкентте 30 жастағы жігіт Тараз қаласындағы түзеу мекемесінде жазасын өтіп отырған ағасына есірткіні пошта арқылы жолдаған. Айласын асырған ол марихуананы майонездің пластмасса шелегінің түбіне жасырып салған. Оны қаладағы поша бөлімшелерінің бірі арқылы хат-хабар түрінде рәсімдеп, түрмеге жөнелткен. Алайда түзеу мекемесінің қызметкерлері есірткіні дер кезінде тәркілеп алды. Құты ішіндегі кептірілген марихуананың жалпы салмағы 79,1 грамм болған. «Абай аудандық сотында есірткіні тасымалдаған жас жігітке сот үкімі шықты. Ол ҚР ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігімен (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) кінәлі деп танылды. Оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды» делінген Шымкент қалалық Полиция департаменті берген мәліметте. Сот процесі барысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, өзінің әрекетіне шынайы өкінетінін жеткізіпті.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin