• 19 сентября, 2024 10:11 пп

Сыбайлас жемқорлық – мемлекетті тоқырауға алып келеді

Автор:admin

Май 3, 2024

Сыбайлас жемқорлықты азайту үшін Президент Қ.К. Тоқаев мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру және бизнеске әкімшілік қысымды төмендету міндетін қойды. Осы орайда Шымкент қаласының әкімдігі аталған тапсырманы есепке ала отырып, саладағы проблемаларды жоюға бағытталған коэфиценттер санын көбейтті. Президент «Мемлекеттік сатып алулар өткір әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін үлкен резервке ие (кейбір мәліметтер бойынша жылына 400 млрд. теңгеге дейін). Мемлекеттік сатып алулар 4,4 трлн. теңге, оның 3,3 трлн. теңгесі немесе 75 пайызы бір нүктеден бәсекеге қабілетсіз тәсілмен жүзеге асырылды. Шенеуніктерге арналған осы «қоректендірегіш шұңқырды» жабатын уақыт келді» деп атап өткен. Көбісі жемқорлыққа тап болған емеспін немесе аз ғана сомамен өз мәселелерін «шешіп алдым» деп айтуы мүмкін. Алайда азаматтар жемқорлықтың зардаптарын күн сайын сезінеді. Біріншіден, сыбайлас жемқорлық жағдайында бизнесті дамыту және бәсекеге қабілетті әрі еркін нарықтың қызмет етуі мүмкін емес. Президент Қ.К. Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында: «Бұл мәселе бойынша менің ұстанымым белгілі: бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін кез келген әрекетті мемлекетке қарсы қылмыс деп санаған жөн. Осыған байланысты қосымша заңнамалық шаралар қажет. Парламент пен Үкімет бұл мәселенің шешімін ұсынуы керек» деген. Неліктен бизнесті дамыту маңызды? Өйткені жаңа жұмыс орындарының пайда болуы экономиканың осы саласының жағдайына байланысты. Кейбір елдерде жұмыс орындарының 90 пайызы экономиканың жеке секторда шоғырланған. Бизнеске кедергі келтіру бюджет түсімдерінің азаюын да білдіреді. Бұл дәл мағынасында әлеуметтік қолдаудың төмендеуі. Атап айтқанда мектептер мен ауруханалардың құрылысын тоқтату, зейнетақыны азайту, халықтың мұқтаж санаттарына арналған жәрдемақы, әлеуметтік тұрғын үй салу және т.б. Тағы бір проблема – ел экономикасына салынатын инвестициялардың өспеуі немесе тіпті қысқаруы. Сыбайлас жемқорлық елді шетелдік инвесторлар үшін өте тартымсыз ететіні жасырын емес. Ал ұлттық кәсіпкерлер өз қаражаттары заңмен қорғалатын басқа елдерге инвестиция салуды жөн көреді. БАҚ-тың хабарлауынша, Қазақстаннан оффшорға кеткен активтердің ең үлкен ағымы тіркелді, бір жыл ішінде олардың көлемі 1 млрд. АҚШ долларына жеткен, ал олардың шетелдегі инвестициялар құрылымындағы үлесі 50,4%-ды құрады. Шетелге инвестициялардың жалпы ағымы 532,5 млн долларды құрады. Қазақстан капиталының консолидаторлары – Кипр, Кайман және Виргин аралдары. Бұл қаражаттың барлығы әлеуметтік саясат, инфрақұрылымды дамыту, бизнесті қолдау саласындағы көптеген мәселелерді шешеді. Сондықтан мәселені шешуде сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жазаны қатайтудан азаматтық қоғамды күшейтуге және бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалын арттыруға дейінгі кешенді шаралар қажет.

 

Jsk ақпараттық орталығы

Автор: admin