• 25 ноября, 2024 11:52 пп

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы маңызды қадам

Автор:admin

Апр 10, 2024

Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бұл бағытта бірқатар кешенді жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауында мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту жаңа кезеңдегі басым бағыт ретінде белгіленген. Мұны іске асыру халыққа әділ, адал, ашық қызмет көрсететін, адамға бағдарланған сервистік сипаттағы мемлекеттік аппарат қалыптастыруды көздейді. Осыған орай, әлемдік тәжірибедегі жетістіктер мен мемлекеттік қызметтің мансаптық және позициялық модельдерінің ұтымды элементтері ескеріліп, елімізде мемлекеттік аппараттың жұмысын тиімді ұйымдастыру жаңаша сипатта өріс алуда. Нақтырақ айтсақ, мансаптық модельге сәйкес, іріктеудің ашық жүйесін қамтамасыз ете отырып, жас мемлекеттік қызметшіге төменгі лауазымдардан бастау арқылы меритократия қағидаты бойынша өсу мүмкіндігі, ал позициялық модельге сай жеке сектордан кәсіби мамандарды тарту тетіктері енгізіліп отыр. Кадрларды іріктеудің ашық, әділ жүйесін қалыптастыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алудағы басты қадам. Осы орайда агенттікпен мемлекеттік қызметтің барынша ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Е-қызмет» жүйесін жаңғырту жүргізілуде. Мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритмі әзірленіп, конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды. Конкурстың жетілдірілген тәртібі үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа барлық кезеңдерде әлемнің кез келген нүктесінен және кез келген уақытта конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. «Адами фактордың» ықпалын және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін іріктеу кезеңдерінен өту кезінде үміткерлер туралы ақпарат толығымен жасырылып, оларға ID-нөмір беру көзделген. Бұған қоса прокторинг жүйесі үміткерлердің тестілеу кезіндегі жасаған іс-әрекеттерін қадағалайды. Конкурс қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған үміткер жеңімпаз ретінде жүйемен анықталады. Мұның мемлекеттік қызметке тамыр-таныс арқылы орналасу туралы стереотипке тосқауыл қояры анық. Әлемдік тәжірибеде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға тосқауыл ретінде ротациялау институты кеңінен қолданылады. Қызметшілерді ротациялау олардың кәсіби әлеуеті мен басқару тәжірибесін тиімді пайдалануды жүзеге асырып, сыбайлас жемқорлықтың орын алу тәуекелдерін азайтады. Бұған дейін тиісті қызметтік баспаналармен қамтамасыз етуге мүмкіндіктің шектеулігі ротациялауды тежейтін өзекті мәселелердің бірі болған еді. Агенттік бастамасымен заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді басқа елді мекенге ротацияланған қызметшілерге тұрғын үйді жалдау үшін ротациялық төлемдер төленеді. Бұл шара мемлекеттік қызметшілерді ротациялауды кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ал бір орнында ұзақ отыру факторын болдырмау сыбайлас жемқорлықтың орын алу тәуекелін азайтады.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin