• 22 ноября, 2024 4:27 пп

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ ӨКІЛДЕРІ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ 

Автор:admin

Апр 6, 2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында бүгінгі күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі халықпен кері  байланыс орнату арқылы ашықтық пен адалдық құндылықтарын кең көлемде дәріптеу жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

Осы мақсатта Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева мен республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі, жазушы  Сәдібек Түгел Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында болып, халықпен тең отырып тілдесу мақсатында аудан тұрғындарымен келелі  кездесу өткізді.

Алқалы жиында ауданнан жиналған азаматтарға бармақ басты, көз қысты әрекеттердің жолын кесу мақсатында  Агенттіктің тарапынан атқарылып жатқан ауқымды жобалардың тиімділігі түсіндіріліп, Мемлекет басшысы  қол қойған Заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар таныстырылды.

Агенттік төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша құзіретін бекітетін  Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне енгізілген өзгерістер қолданысқа енгізілгенін жеткізіп, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген немесе оған теңестірілген тұлғалардың жауапкершілігі туралы баяндады.

Атап айтсақ, сыйақылар, сыйлықтар немесе жеңілдіктер бергені үшін жеке тұлғалар ӘҚБтК–нің 676-бабы бойынша 200 АЕК көлемінде (600 мың теңге) айыппұл төлейтінін алға тартып,   мемлекеттік қызметшілерге және оларға теңестірілген тұлғаларға мемлекеттік және басқа да қызметтер көрсеткені үшін материалдық алғыс айту әдетінен бас тартуға шақырды.

Кездесуде сөз алған қоғам қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел қоғамда дәстүрлі халық құндылықтарын дәріптеу, ізгі істерді насихаттау, адал білім мен еңбекке ұмтылу, ар тазалығы мен туралыққа жақын болу —  жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың деңгейін төмендетуде айрықша маңызға ие екендігін алға тартып, өңір тұрғындарын парасатты қоғамды қалыптастыруда бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің деңгейін төмендетуде азаматтық белсенділіктің жоғары болуы ортаға салынған кездесу соңында Агенттіктің тәулік бойы тегін қызмет көрсететін 1424 сall орталығына қоңырау шалу қажеттілігі түсіндіріліп, жиынға қатысушылардың тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға нақты жауаптар берілді.

Автор: admin