• 21 апреля, 2025 11:33 пп

Тыл ардагері Құлбай Алшынбаев ҰОС Жеңісінің 80 жылдығында құрметке бөленді

Автор:admin

Апр 21, 2025

Шымкент қаласында тұратын тыл ардагері Құлбай Алшынбаев Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында құрметке бөленіп, шипажайға жолдама алды. Ардагерді құттықтап, жолдаманы үйіне арнайы апарып берген – Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының “Мүгедектігі бар азаматтар мен ардагерлермен жұмыс жүргізу” бөлімінің бас маманы Ұлдана Бекбау.
1936 жылы Созақ ауданы Шолаққорған ауылында дүниеге келген Құлбай ата соғыстан кейінгі ауыр жылдарда бала жасынан еңбекке араласып, елдің дамуына өз үлесін қосқан.
— Ол заманда тоқшылық деген болмады. Қуырылған бидайды жеп, егістікте анамызбен бірге еңбек еттік. 9 жасымда түйемен қымыз жинап, 14 жасымда техникумға қабылдандым. Жасқа емес, жұмыс істей алуыңа қарап баға беретін заман еді, – дейді ардагер.
Құлбай Алшынбаев техникалық білім алып, еңбек жолын Кентаудағы Ащысай кенішінде шахтер болып бастаған. Кейіннен Созақ өңіріндегі колхоз бен совхоздарда жоғары вольтті электр жүйелерін орнатуға жетекшілік етіп, осы салада зейнет жасына дейін табанды еңбек етті.
2006 жылдан бері Шымкент қаласында тұрып жатқан ардагер бүгінде 6 қыз, 1 ұлдан тараған немере-шөберенің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
— Ардагерлерге құрмет көрсетіп жатқан мемлекетімізге алғысым шексіз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деп тілейді Құлбай ата.
Бүгінгі ұрпақ үшін еңбек пен төзімділіктің үлгісін көрсеткен тыл ардагерінің өмір жолы — нағыз ерлік пен жанкештіліктің айғағы.

Автор: admin