• 25 ноября, 2024 1:04 пп

ТҮРКІСТАН: ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТІНДЕ ЖҮРГІЗІЛГЕН СЫРТҚЫ ТАЛДАУ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІНІҢ ОРЫН АЛҒАНДЫҒЫН АНЫҚТАДЫ

Автор:admin

Июл 12, 2021

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментімен ағымдағы жылдың 29 наурыз – 12 мамыр аралығында Түркістан қаласы әкімдігінің Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау жұмыстарының нәтижесі бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды.
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Нұрлан Құдайбергенов Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың қатысуымен өткен шарада баяндады.
Ол өз кезегінде елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету мақсатында қалалық Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі 660 млн. теңгеден астам сома құрайтын негізгі және қосалқы көшелер деп бөлінген 4 мемлекеттік сатып алу келісімшартына отырғандығын және Бөлім тарапынан тазаланған көшелер мен көлемнің растығына көз жеткізуге бағытталған ешбір механизм қарастырылмағандықтан, екі өнім беруші де көшелерді тазаламай жәй ғана ақысын алып отыра беру тәуекелі туындағанын атап өтті.
Сонымен қатар, талдау нәтижесі «Түркістан жарық-тазалық» және «ШымкентСпецКомплекс» серіктестігі мекемелерімен наурыз айында түзілген 2 келісімшартты жасау негізіне қарағанда, Түркістан қаласындағы көшелердің санитариясын қамтамасыз етуді қала тұрғындары үшін емес, күзетілетін адамдардың қызметін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың қатысуымен іс-шаралар өткізу мақсатында ғана жүзеге асырғандай күй танытады.
Десе де, Түркістан қаласына күзетілетін адамдар келмесе де, елді мекеннің санитариясы толық қамтамасыз етілуі қажет екендігін ескерсек, бұл өз кезегінде күзетілетін адамдардың Түркістан қаласына келуін сылтауратып, «белгілі бір өнім беруішілерімен» бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасып келгендігін көрсетіп отыр.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласына қарасты елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға биылғы жылы 1 млрд. 800 млн. теңгеден астам сома жоспарланып, абаттандыру мен көгалдандыру мақсатында бөлім 34 мемлекеттік сатып алу келісімшартына отырған.
Алайда, құрылыс-монтаждау жұмыстары, көгалдандыру және ағымдағы жөндеу мақсатында белгіленген 17 жеткізушіге қай объект тиесілі екендігі нақты көрсетілмегендіктен, жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларында дискрециялық өкілеттіктердің кеңдігі туындағаны байқалған.
Сәйкесінше, Түркістан қаласының аумағындағы кез-келген көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары бойынша 17 жеткізуші арасында тікелей байланыс тәуекелдеріне жол беріліп, мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасасу үшін бейресми «аукцион» ұйымдастырылу тәуекелі жоғары болғандығы белгілі болып отыр.
Жұмыс көлемі толық бітепесе де, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімақыны) ұстап қалмай, қаржысын толық төлеп қою деректері де орын алған.
Атап айтсақ, Бөлім мен «КДСМ» серіктестігі арасында 100 млн. теңгеге жуық сомаға «Керейхан көшесін абаттандыру жұмыстары» бойынша келісімшарт жасалып, ж ұмыстарды орындау мерзімі – 2020 жылдың 31 желтоқсаны деп белгіленген және орындалған жұмыстар үшін ақы орындалған жұмыстар актісіне қол қойған күннен бастап 30 күнтізбелік күннен кешіктірмей төленетіндігі көрсетілген. Десе де, шын мәнінде жұмыстар әлі күнге дейін аяқталмағанына қарамастан, Бөлім тарапынан жұмыстың ақысы толығымен 2020 жылы толық төленіп қойған. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындағанын көрсетіп отыр.
Осы орайда, Бөліммен жасалған келісімшарттардың басым көпшілігі негізсіз жасалып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туындағанын атап өту қажет.
Мәселен, Бөлім мен «ПромПетро Строй» серіктестігі арасында «Благоустройство — ограждение в городе Туркестан» бойынша 25 млн. теңгеден астам сомаға келісімшарт жасалған. Алайда, зерделеу жұмыстары барысында бұл өнім берушінің басшысы ретінде көрсетілген азамат 2017 жылғы сот үкімімен бірнеше рет пара алу бойынша кінәлі деп танылғандығы және параның 70 еселенген соммасы мөлшерінде айыппұл жазасын арқалағандығы белгілі болған.
Аталған өнім берушімен келісімшарт бір көзден жасалған және келісімшарт жасаудың негізі ретінде күзетілетін адамдардың қызметін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың қатысуымен іс-шаралар өткізу көрсетілген.
Өз кезегінде, тәжірбиеде күзетілетін адамдардың қызметін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың қатысуымен іс-шаралар өткізу үшін өнім берушілер мұқият таңдалатынын (белгіленетінін) ескерсек, келісімшартты «белгілі бір өнім берушімен» жасасу үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының осы нормасын теріс пайдалану тәжірибесі орын алғанын байқауға болады.
Осы тектес жағдай тек Инфрақұрылым бөлімінде ғана емес, оған қарасты мекемелерде және әкімдіктің басқа дербес бөлімдерінде де орын алып жатқандығы мәлім болды.
Бұған қоса, ескі және авариялық тұрғын үйлерді бұзу бойынша орындалған жұмыстардың құны туралы анықтамалар мен сметалық құжаттамаларды ішінара зерделеу барысында бір бұзылған мекенжайға қайтадан қаржы төлеу деректерінің орын алу тәуекелдері (белгілері) анықталды.
Бұл ретте, бір мекенжайдағы объектілерді бұзу кезінде атқарылмайтын жұмыстарды негізсіз сметаға қосу арқылы шын мәнінде жасалмаған (жасалмайтын) жұмыстарға қаржы төлеп, мемлекет мүдделеріне зиян келтіру тәуекелі орын алған.
Жалпы талдау нәтижесімен әкімдікке 26 ұсыныс енгізіліп, түзілген іс-шара жоспарына сәйкес орындау мерзімдері белгіленген.
Осы бойынша жиын соңында аталған кемшіліктерді жою мақсатында талдау қорытындысы талқыланып, енгізілген ұсыныстардың орындалуын қатаң бақылау қажеттілігі ескертілді.

JSK ақпарат

Автор: admin