• 21 сентября, 2024 2:04 пп

Түркістан облысында азаматтық қоғамды дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр!

Автор:admin

Июл 11, 2023

Жалпы азаматтық қоғам құру, азаматтық бастама білдіру бүгін пайда болған жаңалық емес. Ол әлқиссадан бері біздің бүгінімізбен қаз-қатар дамып келе жатқан институт.Бүгінде оңтүстік өңірінде 256 үкіметтік емес ұйым бар, оның ішінде 60-70 шақтысы белсенді жұмыс атқарып келеді. Мұндай ұйымдар азаматтық қоғам үшін аса қажет. Көбіне үкіметтік емес ұйымдарды «үшінші сектор» деп те атайды. Яғни, бірнеше адам бірлесіп жұмыс істейді. Олар қоғамда азаматтардың белсенділігін оятады, пайдалы жұмыстармен айналысады. Атап айтқанда, адам құқығын қорғау, экология, гендерлік мәселелер, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын созу, мүдделерін қорғау, т.б. Яғни, азамат пен мемлекет арасында делдал болып, биліктің қызметіне қоғамдық бақылауды жүзеге асырады. Осындай үкіметтік емес ұйымдардың бірі «ЭКО Атамекен» қоғамдық бірлестігі 2006 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бірлестік Кентау қаласында орналасқан. Оның қызметі ауыл жастарының белсенділігі мен еріктілігін арттыру, патриоттық сезімдер мен ынтымақтастықты қалыптастыру, қоршаған ортаның экологиясын сақтау. Қоғамдық бірлестік экологиялық жобаларды Қаратау мемлекеттік табиғи қорығымен бірлесіп атқарып келеді. «ЭКО Атамекен» қоғамдық бірлестігі әртүрлі халықаралық және жергілікті қорлар мен ұйымдардың қаржылық қолдауымен жүзеге асырылатын аймақтық ҮЕҰ-ны дамытуға бағытталған жобаларға қатысып, қолдау тауып келеді. Айталық, Қазақстан Республикасы Ақпараттық және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранттық бағдарламасы аясында «Береке» қоғамдық бірлестігі жүзеге асыратын «Түркістан аймағындағы ауылдық ҮЕҰ әлеуетін арттыру» жобасы шеңберінде «Салауатты өмір салтын насихаттау арқылы жастардың әлеуетін күшейту» тақырыбында жастар арасында нашақорлықтың, алкоголизмнің және темекі шегудің зияны мен салдары туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Осы жылдар ішінде «ЭКО Атамекен» бірлестігі айтарлықтай өте көп білім мен тәжірибе жинақтап, соның арқасында әртүрлі жергілікті қорлар мен халықаралық ұйымдардың жарыстарына кең көлемде қатысуға мүмкіндік берілді. 2019 жылы мүгедектерді қолдау мақсатында қауымдастық мүшелері мен қызметкерлері ВЕШЕНКИ саңырауқұлақтарын өсіруге арналған жылыжай ашудан тұратын «саңырауқұлақ стартапын» іске қосуға шешім қабылдады. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ есебінен шағын бөлмеде саңырауқұлақ споралары өсетін контейнерлері бар бірнеше тірек орнатылды. Саңырауқұлақтарға күтім жасау үшін есту қабілеті нашар және көзі нашар көретін екі жас мүгедек жігітті жұмысқа шақырды. Олар көп ұзамай сурдоаудармашының көмегімен балалардың бірінің анасына жұмыстың барлық қыр-сырын үйретті. Қазір олар өздерінің хоббилеріне өте мұқият қарайды. Сонымен қатар, жұмыстарына жауапты қарап, жалақы алып отыр. Отбасыларына көмектеседі және өзін қоғамның толық мүшесі ретінде сезінеді. Осылайша, «ЭКО Атамекен» қоғамдық бірлестігі әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына түрткі болды. Биыл да Дүниежүзілік экологиялық қордың шағын гранттар бағдарламасының қолдауымен «Қазақстан Республикасының Түркістан облысында «жасыл» бастамалар бойынша жастар конкурстарын ұйымдастыру арқылы энергия тиімділігін дамыту және жаңартылатын энергия көздерін енгізу» жастар жобаларына байқау өткізілді. Жобаның мақсаты – Түркістан аймағындағы студенттер мен оқушылардың бастамаларын кешенді жүзеге асыру арқылы «жасыл технологиялардың» әлеуетін дамыту. Ал қамту аймағы – Түркістан, Кентау қалары және Отырар аудандары мектеп және колледждері. Жасөспірімдерді белсенді қатысуға тарту және экологиялық таза технологияларды енгізу мақсатында жоба аясында жалпы білім беретін мектептер мен колледж студенттерінің бастамасымен шағын жобалар байқауын өткізуді жоспарланған болатынбыз. Байқау барысында «жасыл технологияларды» енгізу бойынша ең жақсы идеялар таңдалды. Олар біздің ұйымының бақылауымен және қолдауымен білім беру мекемелерінде іс жүзінде енгізілетін болады, — деді ол. Бұдан бөлек, биыл ұйым «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранттық бағдарламасы аясында «Түркістан аймағындағы ауылдық ҮЕҰ әлеуетін арттыру» жобасының жүзеге асырылуына ықпал етті. Түркістан облысының 14 аймағында тренинг-семинарлар өткізілді. Конкурс барысында 8 ҮЕҰ және 2 бастамашыл топ жеңімпаз атанды. Қазіргі таңда 10 жоба облыстың сегіз ауданында жүзеге асырылуда. Оның ішінде жеңімпаз атанған 2 бастамашыл топ жастардың қызығушылығын арттырып отыр. Сарыағаш ауданы жастары «Жастардың жыныстық тәрбиесі және зорлық-зомбылықтың алдын алу» туралы сөз қозғаса, Отырар ауданының жастары салауатты өмірді тілге тиек етіп, жастар арасында дөңгелек үстелдер өткізуде. Ауыл жастарының тәрбиелік маңызды істер атқаруларына көңіліміз толады, — дейді «ЭКО Атамекен» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлнар Ниязова. Бұдан бөлек, ұйым Қазығұрт ауданында «Жанға сая» атты демалыс орнының бой көтеруіне, Леңгір қаласында жастарға арналған спорттық сквердің ашылуына түрткі болса, Түлкібас ауданында ауылға су жүргізіп, ардагерлер ескерткішіне гүл шоқтарын отырғызды. Осы жылдар ішінде ұйым адам ресурстарын дамыту саласындағы әлеуетін арттыра алды. Қазір қауымдастықта тұрақты негізде 4 қызметкер, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпорындағы жұмысқа тартылған 2 қызметкер бар. Біздің қоғамдық бірлестік өзін тең құқылы серіктес ретінде танытып, түрлі ұйымдармен және мекемелермен байланыс орната алды. Қазіргі кезде жергілікті қоғамдастықтардың әлеуетін дамыту, әртүрлі халықаралық донорлармен және қазақстандық ұйымдармен серіктестік қарым-қатынас құру саласындағы жинақталған тәжірибе мен білімімізді Түркістан облысының ауылдық жердегі ҮЕҰ-на үйретудеміз, — дейді Гүлнар Жолаушықызы. Айта кетейік, Гүлнар Ниязова Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшесі. Қауымдастық басшысының белсенді азаматтық ұстанымы, Түркістан облысының Азаматтық Альянсымен бірге үкіметтік емес сектордың мүдделерін ілгерілету мақсатында өткізетін іс-шараларға үзбей қатысып келеді. Жалпы азаматтық қоғам құру, азаматтық бастама білдіру бүгін пайда болған жаңалық емес. Ол әлқиссадан бері біздің бүгінімізбен қаз-қатар дамып келе жатқан институт.

Азаматтық қоғам алғаш рет өткен ғасырдың алпысыншы жылдары студенттік қозғалыстар ретінде пайда бола бастаған. Ал бүгін Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде бірнеше мыңдаған азаматтық бастама топтары бар. Зерттеулерге қарасақ, азаматтық бастамашылар бүгінде қоғамдық пікірді тудырушы ғана емес, сол қоғам мүшелерінің назарын ең өзекті мәселелерге аударып, оларды шешуге атсалысып жүрген қоғамда орны бар институтқа айналды. Қазақстанда азаматтық қоғамның даму тарихы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған кезеңнен бастап азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы мен даму тарихы еліміздің шежіресінде таңбаланып келеді. Қазақстанда азаматтық қоғам өз құрылуы мен дамуында екі тарихи кезеңнен өтті. Біріншісі өткен ғасырдың 90-жылдары бұрынғы посткеңестік мемлекеттерде демократиялық реформалармен сәйкес келеді. Дәл осы уақытта азаматтық қоғам институттарының алғашқы қарлығаштары — тәуелсіз кәсіподақ ұйымдары құрыла бастады. Олардың мақсаты — экономиканың үкіметтік емес секторының жұмысшыларының мүддесін қорғау болды. Сәл кейін әлеуметтік қорғау коалициясы пайда болды. Бұл коалицияға сол уақыттағы аса өзекті әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқату үшін әлеуметтік әріптестік негізінде 28 әртүрлі ұйымдар, партиялар, қозғалыстар бірікті.  Азаматтық қоғамың алғашқы қалыптасуындағы маңызды қадам 1994 жылы Мемлекет басшысының әлеуметтік әріптестік бойынша республикалық үшжақты комиссияның құрылуы туралы шешім қабылдауы болды 2000 жылдың желтоқсан айында «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік туралы» заң қабылданды және ол биліктің, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың мүдделерін келісу мәселелерін мемлекеттік саясат дәрежесіне көтерді. Осылайша, әлеуметтік әріптестік заңнамалық тұрғыда рәсімделді. Ал 2003-2005 жылдар аралығында елімізде Демократия мәселелері бойынша ұлттық комиссия жұмыс жасады. 2005 жылы қабылданған «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» заң ҮЕҰ-дың түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік берді. Азаматтық қоғамның дамуындағы екінші кезеңді 2006 жылдың тамыз айында қабылданған «Қазақстан Республикасында 2006-2011 жылдары Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының» қабылдануымен байланыстыруға болады.  Тұжырымдамада 2011 жылға дейінгі азаматтық қоғам институтын дамыту тетіктері мен жолдары бойынша нақты шаралар ұсынылды. Екінші кезеңнің басында Қазақстанның азаматтық секторында ресми түрде бар-жоғы 5820 үкіметтік емес ұйым тіркелген болатын. Оның ішінде 12 саяси партия, 3340 қоғамдық қор, 1072 заңды тұлғалар қауымдастығы, 471 ұлттық мәдени орталықтар, 3340 діни ұйымдар болған. Азаматтық сектор институттарын қалыптастырудағы басты оқиғаның бірі — 2013 жылы оның алғашқы форумы болды. Осылайша ел өміріндегі маңызды институтқа айналған қазақстандық азаматтық қоғамды жүйелі қалыптастыру мен дамыту ісі басталды. 2015 жылдан бастап «ҮЕҰ деректер базасы» нормасы енгізіліп, үкіметтік емес ұйымдар үшін қызметі бойынша есеп тапсыру міндеттелді. Ол бойынша үкіметтік емес ұйымдардың есеп беру жүйесі қалыптастырылды. Соның негізінде ҮЕҰ-дар уәкілетті ведомство алдында жұмысының бағыты, көлемі туралы арнайы базада есеп береді. Азаматтық институт мемлекеттің сенімді серіктесі Бүгінгі таңда Қазақстанда азаматтық бастамашыларға мемлекет тарапынан қомақты қолдау білдірілуде. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми сайтында берілген дерекке сүйенсек, 2020 жылы Қазақстанда 22 344 үкіметтік емес ұйым болған. Және оның ішінде тек 16 426-сы ғана бүгінде шын мәнінде нақты жұмыс жасап тұр. Егер оларды салалық бөліністе қарастырар болсақ, ҮЕҰ-дың басым бөлігі, яғни 15,97% —   әлеуметік маңызды бағыттармен, ал 14,65% халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетумен, 12,78% — спорт саласында,11,35% — құқықтық қолдау білдірумен, 8,66% — жастар саясаты және балаларды қорғаумен, 7,09% — білім және ғылым бағыныда, 5,03% — қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлікті нығайтуда, 4,43% — салауаттылық бағытында, 3,94% — өнер және мәдениетті дамыту бағытында еңбек етуде. Азаматтық бастамашылардың арасында қоршаған ортаны қорғау, қайырымдылық, тарихи-мәдени мұра, отбасылық-демографиялық және гендерлік теңдік, ақпарат секілді салалардың қыж-қыж қазанында қайнап жүргендер де бар. Дамыған азаматтық қоғам кез-келген дамыған мемлекеттің негізі болып саналады. Ал үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғам, мемлекеттік органдар және билік құрылымдары арасындағы тиімді диалог алаңы немесе тіпті байланыс көпіріне айналды десе де болады. Қазіргі уақытта үкіметтік емес ұйымдар мемлекет тарапынан әлеуметтік тапсырыстар мен мемлекеттік гранттар есебінен күн көруде. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бүгінгі таңда гранттық қаржыландыру аясында мәселелер бар екенін айтуда. Ведомство халықаралық тәжірибені зерделей келе, бүгінде азаматтық қоғам сарапшыларымен бірге гранттық қаржыландыру саласында заңнаманы жетілдіре түсу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ендігі жерде гранттарды жоспарлау өзекті бағыттар бойынша пулдар қалыптастыру арқылы жаңа форматта жүргізілетін болады. Бұл министрлік өкілдерінің айтуынша, гранттарды халық қажеттілігіне қарай бағыттауға мүмкіндік береді.  Бұл тәсіл «төменнен жоғары қарай» әрекет етуге мүмкіндік береді және жобаны ұсынушылардың айтуынша, халықаралық тәжірибеде кең қолданысқа ие болған осы механизм арқылы қоғамдық бастамаға мемлекет тарапынан жедел әрекет ету мүмкіндігі пайда болады. Тағы бір айта кетерлігі, гранттық қаржыландыру рәсімін оңайлату жөнінде ұсыныстар берілуде. Бұл өзгерістер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мен үкіметтік емес ұйымдарға гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы» Заң жобасының аясында қарастырылуда. Заң жобасы бүгінде мәжілісте, депутаттар қарауында. Жалпы тәуелсіздік алған жылдар ішінде Қазақстанның азаматтық қоғамы ат төбеліндей ғана ұйым болған алғашқы кезеңінен біртұтас институтқа дейін қалыптасып, өскендігі ақиқат. Бүгінде бұл институт мемлекеттің тұрақтылығын сақтау мен дамуында сенімді серіктеске айналды. Үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы бүгінгі таңда кәсіби, белсенді және тәуелсіз институт құрды. Бұл шын мәнінде, біз 30 жыл тәуелсіздік жолында мақсат еткен бірден-бір мемлекеттік стратегиялық мүдде болатын. Елімізде айтарлықтай мықты әрі табысты бастамалар пайда болды және олар жүзеге асырылды. Қазір қоғамның қай саласында болмасын, үкіметтік емес ұйымдардың бастамасымен түрлі әлеуметтік, қоғамдық маңызы жоғары жобалар жүзеге асырылуда.

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin