• 22 декабря, 2024 3:19 дп

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАР ҮШІН ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯ ТАРИФІ 12,4%-ҒА ТӨМЕНДЕТІЛДІ

Автор:admin

Дек 19, 2024

 

Мемлекет басшысының электрмен жабдықтау тізбегіндегі өнімсіз делдалдарды алып тастау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында 2024 жылғы 1 мамырдан бастап заңды тұлғалар үшін электр энергия тарифі 12,4%-ға төмендетілді. Нәтижесінде өңірдегі 32 мыңнан астам абонент төмендетілген тарифпен электр энергиясын пайдалануда. Бұл жайында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Думан Қалибеков брифингте мәлімдеді.

— Департамент биыл 1 сәуірден бастап реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар үшін лицензиялардың қолданылуын тоқтатты. Тарифті төмендетудің алғышарты — тұтынушылардың электр энергиясын кепілді жеткізушіге ауысуы болды. Бұл тиісінше тарифтің өзін төмендетуге әсер етті. Электрмен жабдықтау қызметтерін үздіксіз алу үшін Шымкент қаласы мен Түркістан облысының заңды тұлғаларына «Энергопоток» ЖШС-мен тиісті шарт жасасу керек-, деді спикер.

Сонымен қатар, департамент басшысы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Департамент 2 табиғи монополия нысанымен бірқатар келісімге келген. Оның бірі — «Кентау Сервис» МКК-мен жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және онымен жабдықтау қызметі бойынша 5 жылдық шекті тарифтер бекітілген. Ал, екінші нысан — «Түркістан су» МКК үшін су құбыры желілері мен өрт сөндіру гидранттарын жөндеуге 161 млн 637,23 мың теңге бекітілген.

Сондай-ақ, департаментпен биыл жыл басында «ҚазТрансГазАймақ» қазіргі «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамына қатысты жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеріс нәтижесінде мекеме тұтынушылдардан газ желісіне қосу үшін негізсіз 164 млн тенге алғаны анықталып, оны тұтынушыларға қайтару қажеттілігі туралы Департамент тарапынан «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ға нұсқама енгізілген. Бұдан бөлек, жыл басынан Департаментпен 32 табиғи монополия субъектілеріне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық іс қозғалып, жалпы 20 382 000 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Автор: admin