• 23 ноября, 2024 11:19 пп

ТҮРКІСТАН: «СҰҢҚАР» КЕҢ АУҚЫМДЫ ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ АКЦИЯСЫ КҮШЕЙТІЛГЕН РЕЖИМДЕ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Автор:admin

Авг 15, 2023

 

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Охотзоопром ӨБ» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалының басшысы Расул Маханов айтты.

Оның сөзінше, 2023 жылдың 1 тамыз-15 қазан аралығында «Сұңқар» кең ауқымды табиғатты қорғау акциясы өтеді. Шара барысында мекеме қызметкерлері жойылып кету қаупі бар сұңқар тектес (Ақсұңқар, Ителгі, Лашын және т.б) құстарды ұйымдасқан қылмыстық топтардың заңсыз аулау қызметін анықтайды.

– «Сұңқар» кең ауқымды акциясы ҚР-ның 12 облысының аумағында, атап айтқанда Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Жамбыл, Алматы және көршілес облыстардың іргелес аумақтарында жүргізіледі. Осы ретте «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның 190-ға жуық инспекторы мен 80-нен астам техникалары жұмылдырылады, — деді «Охотзоопром ӨБ» РМҚҚ жануарлар дүниесін қорғау қызметінің басшысы Болат Тұрсынбеков.

Брифинг барысында Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Бақыт Мұсалиев, сонғы 10-15 жылда сұңқар тектес құстардың жойылып кету қаупі барын айтты.

– Сұңқар тектес құстар саны күрт азайып барады. Басты себебі — олардың біразы ауланып, Араб елдеріне сатылды. Әрі балапандарын алу үшін ұялары бұзылды. Соңғы деректерге қарағанда, елімізде қазір 100-150 жұп қана ұялайды. Қыран тектес құстардың ішінде қолға тез үйренетіні — ақсұңқар, ителгі және лашын. Араб елдерінде құсбегілер оны көбіне жорға дуадаққа салады. Жойылып кетуге таяу тұрған бұл құсты Алматы қаласындағы «Сұнқар» біріккен кәсіпорны қолда өсіріп, жылда 50-60-ын табиғатқа жіберіп отырады. Осындай шара арқылы оның санын көбейтуге болады. Бүгінде елімізде оны аулап, шетелдерге шығаруға тиым салынған. Бұл аса бағалы құс. Ол Ақсу-Жабағалы, Наурызым, Үстірт, Қаратау қорықтары мен «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағында қорғалады, — деді Бақыт Пірәліұлы.

Айта кетейік, Кызылорда өңірлік филиалында 35 инспектордан құрылған 7 мобильдік топ қызмет жасайды. Бұл мобильдік топтар ҚР Қызыл кітабына енген атуға тыйым салынған аң-құстарды қорғау жұмыстарымен айналысады. Ол жалпы 21 359 512 мың га жер аумағында, оның ішінде, Қызылорда облысының 17 783 279 мың га, Түркістан облысының 3 576 233 мың га далалық жерінде жүргізіледі.

 

Автор: admin