• 26 ноября, 2024 10:36 пп

ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАДА ЖЫЛЫНА 150 МЫҢ ТОННА ЖҮГЕРІ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ ӨНІМ ҚАБЫЛДАУДЫ БАСТАДЫ

Автор:admin

Окт 10, 2023

Биыл Шардара ауданында құрылысы басталған жүгері өңдеу зауыты шаруалардан жүгері қабылдауды бастады. «Казкрахмал» ЖШС зауыты жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеуге қауқарлы. Жобаның жалпы құны – 31 млрд. теңге. Онда 550 жұмыс орнын ашу көзделген.
Аудандағы индустриалды аймақта орналасқан ірі өндіріс орнының құрылысы 2 кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда жүгеріні сақтау және кептіру кешенінің құрылысы аяқталды. Екінші кезеңде жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылы толық іске қосылады.
35 гектар аумақта орналасқан зауытта крахмал сірнесі өндірілмек. Бұл дақылдың құрамында 75%-ға дейін қант бар. Сондықтан өнімді өндірістік мақсатта, яғни табиғи қант алмастырғыш ретінде пайдалануға болады. Осы ретте крахмал-сірне зауыты еліміздегі ірі кондитерлік фабрикалар мен сусын шығаратын зауыттарды қажетті өніммен қамтамасыз етеді.
Зауыт түрлендірілген крахмалдың 20-дан астам түрін: мальтоза және глюкоза балшырындарын, глютен, жүгері майын, ұрық, кебек, түйірленген құрама жем шығаратын болады. Ал сірне – осы крахмалдан алынатын қою шәрбәт тәрізді тәтті өнім. Бұдан бөлек, өндіріс орны крахмал-глюкозалық қант пен тағамдық глюкозаны өндіреді.
Зауыт өнімдерін Азия және Еуропа елдеріне экспорттамақ. Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының шаруалары жүгері егудің тиімділігіне толықтай көз жеткізгенше зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгеріні кәсіпкер өздері егіп отыратын болады.

Автор: admin