• 26 ноября, 2024 6:46 пп

ТҮРКІСТАН: ШТАБ ОТЫРЫСЫНДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Автор:admin

Июн 21, 2024

Түркістан облысында конго-қырым қызбасына қарсы және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша штаб отырысы өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиынға денсаулық сақтау басқармасы, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы, Мемлекеттік кірістер департаменті, білім басқармасы, облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы және онлайн байланыс арқылы аудан, қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары қатысты.

– Жыл сайын тұрақты түрде конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу мақсатында елді-мекендерде кенелерге қарсы арнайы мекемелермен залалсыздандыру шаралары жүргізіліп келеді. Дегенмен биыл өңірде дезинсекциялау кеш басталды. Кенеден келетін кесел аса қатерлі. Дәрілерді уақтылы қолдануды ескеріңіздер. Жұмыстың сапасын, тиімділігін анықтау бойынша аудан, қалаларда құрылған арнайы комиссия жұмыстарын жандандырсын, – деді облыс әкімінің орынбасары Б.Дәулетұлы.

Жиын барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының орынбасары Бауыржан Сатыбалды осы бағытта атқарылған іс-шаралар жөнінде баяндаса, облыстық санитариялық-эпидемологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбол Нышанов осы саладағы түйткілдерге тоқталды. Ал, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиал директорының міндетін уақытша атқарушы Бағлан Базарбекұлы МӘМС жүйесін іске асыру туралы статистиканы таныстырды. Б.Тәжібаев халық арасында МӘМС жүйесі жайында түсіндіру жұмыстарын күшейту міндеттеді.

Мәжілісте бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылып, сауалдар қойылды. Өзекті мәселелер ортаға салынып, жауаптыларға тапсырмалар берілді.

Автор: admin