• 15 сентября, 2025 7:48 дп

ТҮРКІСТАНДА ОРТА АЗИЯДА ТЕҢДЕСІ ЖОҚ «ЕСКЕК ЕСУ» АРНАСЫ АШЫЛДЫ

Автор:admin

Сен 15, 2025

 

✔️Түркістан қаласында Орта Азияда теңдесі жоқ спорт кешендері бар «Ескек есу» арнасы ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «спорт инфрақұрылымын дамыту мен жаңа кешендерді салу» жөнінде нақты тапсырмалар берді. Осы бағытта облыста 112 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Бұл тек инфрақұрылымды дамыту ғана емес, жастардың болашағына салынған инвестиция, тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға жасалған нақты қадам.

✔️Бірегей спорт нысанының ашылу салтанатына орай «Turkistan Water Fest & Sky Lights» атты ауқымды мәдени-спорттық іс-шара өтті. Салтанатты шараға арнайы келген ҚР Туризм және спорт министрі Е.Мырзабосынов, Есу спорты түрлері бойынша «Қайық» федерациясы АҚБ президенті А.Мерғалиев, Байдарка мен каноэ есу халықаралық федерациясының президенті Т.Кониецко сөз алып, өңір тұрғындарына ізгі тілегін жеткізді.

⤵️Сонымен қатар маңызды шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

📌– Бүгін біз үшін тарихи және қуанышты күн. Елімізде алғаш рет халықаралық стандартқа сай келетін «Ескек есу» каналын ашқалы тұрмыз. Түркістанымыз түркі әлемін таңғалдыратын тағы да бір заманауи нысанмен толыққалы тұр. Бұл Мемлекет басшысының тікелей тапсырамасына сәйкес, тарихи Түркістанды дамыту бағытындағы жүргізіліп жатқан нақты жұмыстардың жемісі. Биыл Президентіміз «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» арнайы Заңға қол қойды. Қабылданған Заңда Түркістан қаласының рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі ерекше мәртебесі бекітілді. Қасиетті Түркістанды рухани ғана емес, білім мен ғылымның, мәдениет пен спорттың орталығына айналдыру – мемлекетіміздің басты мақсатының бірі. Бүгінгі салтанат іс-шара – сол мақсаттың айқын дәлелі.«Ескек есу» каналының ерекшелігінің бірі – қаланың экожүйесіне де тікелей әсерін тигізеді. Кешенде Азиялық және әлемдік деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға болады. Шет елдік спортшыларға жыл он екі ай
оқу-жаттығу жиындарын өткізуге толық мүмкіндік бар. Бұл спорт кешені — Түркістанның ғана емес, тұтас қазақ елінің абыройын көтереді. «Ескек есу» каналыны өңір спортының дамуына серпін беріп қана қоймай, Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға да зор үлес қосады. Мемлекет басшысы «Еліміздің келешегі — ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында» деген болатын. Ендеше, жастарымыз мықты болса – еліміз де қуатты болады. Сондықтан жастарды салауатты өмір салтын ұстауға, тұрақты түрде спортпен айналысуға шақырамын. Баршаңызды Түркістан қаласындағы заманауи нысанның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл спорт орталығынан болашақ Олимпиада чемпиондары шыға берсін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

✔️Бүгін халықаралық байдарка және каноэ есу федерациясының президенті Томас Кониецко мен Қазақстан Республикасы «Қайық» федерациясының президенті Асланбек Мергалиев арасында екіжақты меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы алғашқы өңірлік хаб құрылмақ.

✔️«Ескек есу» каналында 500-ге жуық спортшы байдарка мен каноэда есу, академиялық есу, триатлон, параканоэ, ашық суда жүзу сияқты спорт түрлерімен тұрақты түрде жаттыға алады. Облыстың ескек есушілері ел абыройын көтеруде. Осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында 1 800-ден астам медаль иеленсе (406 алтын, 730 күміс, 676 қола), Әлем және Азия чемпионаттарында 184 медаль қанжылады (58 алтын, 84 күміс, 42 қола). Олимпиада ойындарына 9 лицензия алынды.

✔️Бұл күні Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасы ұсынылды. Мерекелік кешті Динара Сәтжан, Еркебұлан Мырзабек, Марат Оралғазин жүргізді. Кештің ажарын Мұқасан Шахзадаев, Мархаба Сәби, Калифарния, Ақсұңқар, DJ Macarello, Түркістан музыкалық театры бишілері, «Таңба» этно тобы және «Самғау» би ансамблі ашып, өнерлерін паш етті.

✔️Сонымен қатар облыс орталығында мерекелік атмосфера орнап, мың бұралған бишілер, аниматорлар мен цирк өнерпаздары кешенді аралап, келушілердің көңіл көтерді. «Taiqazan» ұлттық тағамдардың гастрономиялық жәрмеңкесі, қолөнершілер көрмесі, әуе шарлары шоуы, креативті фотозоналар, 10-ға жуық мастер-класс, ойын-сауық аймақтары ұйымдастырылып, су үстіндегі спорттық ойындар мен қойылымдар, флайборд шоуы, лазерлі және фонтан шоулары, мерекелік отшашу көпшіліктілікті тәнті етті.

✔️Осы күні облыс басшысы «Ескек есу» арнасының жаттығу залын аралап, қолөнершілер көрмесі мен «Taiqazan» гастрофестивалін тамашалады.

✔️Айта кетейік, биыл 102 спорт нысаны пайдалануға тапсырылды. Келесі жылы 10 спорт ғимаратын тапсыру жоспарлануда. Облыстағы ерекше қажеттілігі бар азаматтарды салауаттылыққа тарту мақсатында бейімделген 22 спорт секциясы ашылды. Түркістанда заманауи «Түркістан арена» стадионы, халықаралық теннис орталығы және Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені қызмет етуде. Бұдан бөлек, қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында «Мұз сарайы» ашылды. Облыс тарихында алғаш рет шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау және шорт-трек үйірмелерімен 400-ден астам жасөспірім айналысуда. Сонымен қатар Түркістан қаласында атшабар кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысан ат спорты түрлерін дамытуға, ұлттық дәстүрді жаңғыртуға зор мүмкіндік береді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Автор: admin