• 24 ноября, 2024 10:12 дп

Халықтың Солтүстікке көшуіне мемлекет қандай қолдау жасамақ?

Автор:admin

Дек 16, 2022

Бастысы,  мемлекеттік қолдау бар. Жұмыс күші тапшы, халық саны аз теріскейдегі тұрғын санын ішкі көші-қон арқылы реттеу Қазақстанның территориялық тұтастығын сақтауға, ұлттық салт-санадан ажырамауға, тіл мәселесінің оң шешілуіне ықпал ететіні белгілі. Дегенмен, ондағы баспана жайы, ауа райы, шаруаның ыңғайын ойлап, көшуді кейінге қалдырғандар да жоқ емес. Сондықтан, бағдарламаның шығу себебі, мемлекеттік қолдау, қоныс аударғандардың қазіргі жағдайы туралы не айтуға болады?

Көш қалай қозғалды?

Елімізде бірнеше жыл бұрын «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында тұрғылықты халқы сиреп, жұмыс күші азайған солтүстік өңірлерге халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардан халықты көшіріп, қажетті жағдай жасау жұмыстары басталды. Үкіметтің мұндай бағдарламаны қолға алуына демографиялық ахуал себеп болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кейінгі 10 жылдағы ішкі миграцияға талдау жасап, оңтүстік облыстардағы тұрғындардың бір бөлігін солтүстікке көшіру қажеттігін анықтаған. Егер бұл мәселе реттелмесе, 2050 жылға қарай солтүстіктегі халықтың саны миллион адамға қысқарып, оңтүстік өңірдегі халық саны 5,2 млн адамға артатын көрінеді. Осылайша Үкімет бұл мәселеге назар аударып, бағдарлама аясында көші-қон жұмыстарына басымдық берді.

Бүгінде «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бағдарламасының үшінші бағыты аясында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы  бұйрығымен бекітілген «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларын бекіту туралы» Ережеге сәйкес солтүстік өңірлерге қоныс аудару жұмыстары жүргізілуде.

2014 жылдың желтоқсан айында біздің өңірден Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласына алты отбасы қоныс аударды. Қоныс аударған азаматтар бағдарлама аясында салынған тұрғын үймен және тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал, 2015 жылы Риддер қаласына тағы да екі отбасы, 2016 жылы Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облысына біреуден, Павлодар облысына екі отбасы қоныс аударды.

Сонымен қатар, 2017 жылы бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» бекітіліп, Түркістан облысы қоныс аудару өңірлерінің қатарына қайта енгізілді. Осыған орай, облыстан солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағытында бірқатар жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде 2017-2021 жылдар аралығында 602 отбасы (құрамында 1702 адам) жаңа ортаға бет алған.

Деректерге сүйенсек, осы жылдар аралығында көшкен отбасының басым бөлігі Солтүстік Қазақстан (183 отбасы) және Қостанай (182 отбасы) облыстарына ірге тепкен.

Үкіметтен қандай қолдау бар?

Өткен жылы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстіктен солтүстікке көшуге қатысты мәселеге тоқталып, cолтүстікке көшіп келушілерді ынталандыру үшін оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есе, яғни, 35 айлық есептік көрсеткіштен 70 айлық көрсеткішке дейін көбейту керек деп тапсырма берді. Сондықтан биылдан бастап қоныс аударған отбасының әрбір мүшесіне берілетін қаржының көлемі ұлғайды.

Мұнан бөлек, коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын төлеу үшін бір жыл ақшалай көмек көрсетіледі. Бүгінде солтүстікке қоныс аударған азаматтардың басым бөлігі тұрғын үймен, жұмыспен қамтылған.

«Еңбек» бағдарламасына қатысушының отбасына, оның ішінде жалғызбастыларға он екі ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге берілетін материалдық көмекке тоқталсақ.

Қалалық жерлерге қоныс аударғандарға бір адам үшін 20 АЕК (58340 теңге), отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 25 АЕК (72925 теңге), отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 30 АЕК (87510 теңге) мөлшерінде төленеді.

Ауылдық жерлерге қоныс аударса, бір адам үшін 15 АЕК (43755 теңге), отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде 18 АЕК (52506 теңге), отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 21 АЕК (61257 теңге) мөлшерінде төленеді.

«Еңбек» бағдарламасының 5.3.2 бөліміне сәйкес, ерікті түрде қоныс аударғанда мемлекеттік қолдау шаралары бағдарламаға қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне бір рет көрсетіледі. Көшуге материалдық көмек олар жаңа тұрғылықты жерге келгеннен кейін беріледі.

Кері көшкендер кездеспеді

Былтыр сенатор Айгүл Қапбарова үкіметке депутаттық сауал жолдап, көші-қон процестерін іске асырудағы мемлекеттік шаралар дұрыс атқарылмай, кейбір өңірлерде көші-қон мәселелері толық шешілмей жатқанын хабарлаған болатын. Дегенмен, ресми мәлімет бойынша Сыр елінен солтүстікке барған азаматтардың осы кезге дейін кері көшуі кездеспеді.

Қаңтар айында Павлодар облысының Екібастұз қаласына көшкен қазалылық Еркін Құсан жаңа орта өте жақсы қабылдағанын айтты. Бүгінде ол Екібастұз қаласының статистика басқармасында халық санағын өткізу, ұйымдастыру бойынша уәкілетті нұсқаушы болып қызмет етеді.

–    Бағдарламаны ойлап емес, карантин уақытында өзіме лайықты жұмыс таппағандықтан, отбасыммен осында көшуді ұйғардық. Жаңа орта өте жақсы қабылдады. Үкімет көшіп келгенім үшін жұмыспен қамтыды, одан әрі жалдамалы баспана берді, шығынымызды өтеді. Мұндағы жерлестеріміздің мұндай басты мәселелері шешімін тапқан.

Осы жақтағы түркістандықтармен де аға-іні болып араласып, жақын тартып, бірге туған бауырдай болып кеттік. Аға-жеңгелеріміздің жылулығын сезіндік. Білмегеніміз болса сұрап, алға ұмтылып, өзімізді сөзбен қамшылап отырамыз. Өзге ұлт өкілдерімен де дос болып үлгердік. Кейде ана тілімізді білмейтін қазақтарға «тілді үйренсеңші» деп қолқалап, үгіттейтініміз бар. Соның ішінде жұмыс барысында «маған тіл үйретесің бе?» деп өзі қызығушылық танытып жатқандар да бар. Бұл да болса мемлекеттік бағдарламаның бір бөлігінің орындалғаны деп ойлаймын. Ал, аула балаларына мұсылманша амандасуды үйретіп, кейде қазақ ағайындардан ру сұрасып, ұялтып жүрміз, – деді ол. Еркін солтүстіктегі жерлестер жұмыспен қатар спортта да белсенді екенін, олардың жеңіс тұғырынан көрініп жүргенін ерекше атап өтті. Сөз арасында кері көшкісі келетіндердің бары туралы, бұған не әсер етуі мүмкін деп те сұраған едік.

– Қалада жұмыс істеуге бейім жандар көшемін деп айтпас еді. Себебі, бұл жақтағы тұрғындардың көпшілігі екі жерде қызмет етеді. Сонымен қатар, жұмыс орындарында еңбек күші тапшы болып жатыр. «Жұмыс жасауға ниетің болса, кел, еңбек ет!» деп тұр. Ал, көшіп жатқандардың себебі әртүрлі. Біріне ауа райы жақпаса, бірі өзін жайсыз сезінеді, біріне жалқаулық әсер етеді. Еліміздің қай өңірі болмасын қазақтың жері, бұл біздің ел. Сондықтан туған жерге сағынышыңды басуға барып, мұнда шаңырақ көтеріп, еселі еңбек етудің жөні бөлек, – деді Сыр перзенті. Ел тәуелсіздік алғалы солтүстік өңірлердегі көштің ағыны тоқтаған емес. Әріге бет түзегендер мен нәсіп тартып ірі қалаларға қарай үдере көшкендердің есебі қисапсыз. Содан-ақ біздегі жұмыс күшінің тапшылығы сезіледі. Жасыратыны жоқ, оңтүстік пен батыс өңірлердегі біршама отандасымыз екі қолға бір күрек таппай жүр. Аймақтардың еңбек ресурстары арасындағы осы мәселені жою үшін арнаулы мемлекеттік бағдарлама түзіліп, жүзеге асты. Мәліметтерге сүйенсек, осы аралықта түстіктің 30 мың тұрғыны теріскейге табан тірепті. Жалпы бағдарламаның тиімділігі қандай? Осыдан бірнеше ай бұрын солтүстікқазақстандық атанып, көпшілікті теріскейге көшуге шақырып жүрген қоғам белсендісі Бурахан Дақановпен әңгімелесіп, ауданнан солтүстікке көшкендермен байланыстық.

БАҒДАРЛАМАНЫ БАЯНДАСАҚ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа жолдауында елдегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару – мемлекет жүргізіп отырған ең ұтымды бағдарламалардың бірі дейді мамандар. Былтырғы дерек бойынша осындай өңірлерге жалпы саны 1437 адам (412 отбасы) көшкен. Оның ішінде 744 адам еңбекке қабілетті жаста. Еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің ішінен 319 адам жаңа тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналастырылған.

Жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы — еңбек нарығын дамыту және тұрғындардың, оның ішінде жастардың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша қосымша шараларды қабылдау. Сондай-ақ жұмыс күші тапшы өңірлерді жандандыру. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын ынталандыру үшін Үкімет айқындайтын өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын адамдарға мемлекеттік қолдау шаралары да көзделген.

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде ерікті қоныс аударуға қатысушылар үшін субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Қоныс аударған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігі де жалғастырылатын болады. 2020 жылы қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы 6 379 адам (1 878 отбасы) мөлшерінде белгіленген. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты осы еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруды қарастырады. Бағдарламаға қатысушылар жұмыс күші көп облыстардан жұмыс күші тапшы облыстарға ерікті түрде қоныстандырылады. Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, сондай-ақ, Алматы қаласы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларынан қоныс аударушылардың өтініші қабылданса, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына жұмыс күші қажет-ақ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жоспары бойынша 2021-2022 жылдары солтүстік Қазақстан облысына 12,2 млрд теңге бағытталған. Оның ішінде 2021 жылы – 4,2 млрд теңге, ал 2022 жылы – 8 млрд теңге. Бұл еңбек күші артық өңірлерден қоныс аудару- шылар үшін тұрғын үй сатып алуға арналған қаражат. 1,7 мың дайын бір пәтерлі үй сатып алу жоспарлануда. Былтыр – 714, ал биыл – 1 мың.

Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан жұмыс күші артық өңірлер деп аталды. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмысшылар жетіспейді.

Еңбек министрлігінің ақпаратына сәйкес, отбасының әрбір мүшесіне көшуге біржолғы төлем 35 АЕК (2021 жылы 102,1 мың теңге) құрайды. Сондай-ақ, тұрғын үйді жалдап, оның коммуналдық қызметтеріне де ақы төлеу бойынша қаражат қарастырылған.

Егер жұмыс іздеп солтүстікке көшкіңіз келсе, тұрғылықты жердегі Жұмыспен қамту орталығына барып, кеңес ала аласыз. Мекеме мамандары сізге кеңес беріп, көшіп барғыңыз келетін солтүстік өңірден жұмыс қарастырады. Өңірмен танысу сапары, көшіп-қону шығыны, жұмыс беру және баспанамен қамту мәселесін түгелдей көшіп баратын өңір өз мойнына алады. Сізден тек өміріңізді өзгертуге деген батылдық қана талап етіледі.

«TÁUEKEL»-ГЕ ТӘУЕКЕЛ КЕРЕК

«Көш жанашырлары үшін жақсы жаңалық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген жиынында Оңтүстік өңірлерден Солтүстікке көшу мәселесін дамыту жайлы, онымен қоса сырттан келген қандастарды Ел ішінде ұтымды жайғастырып, оларды бизнеске, қызметке икемдеудің жаңа жолдарын ойластыруды тапсырды. Көш мәселесі ғасырлық маңызға ие бағыт болғандықтан бұл тақырыпқа президенттің назары түскеніне өз басым қатты қуанып отырмын» деп бастады әңгімесін қоғам белсендісі Бурахан Дақанов.

Ол соңғы кездері қолға алып жатқан жарқын жобасын да таныстырып өтті. Осыған дейін өзі Солтүстікке көшіп, көшіп қана қоймай бірнеше адамның көшуіне септігін тигізіп жүрген қоғам белсендісімен байланысу қиынға соқпады. Содан-ақ оның жан-жақтылығы мен оперативтілігін аңғардық.

– «Көш мәселесі» ендігі жаңа қарқынмен жүреді деп ойлаймын. Осыған орай, Президенттің көшті реттеуге байланысты тапсырмасын іске асыру, нәтижелілігін арттыру мақсатында құрылып жатқан көші-қонмен басы-байлы айналысатын «TÁUEKEL» қоғамдық бірлестігі жайлы бірауыз айта кетсем. Бірінші, бұл ұйым Теріскей аймақтарына өз қатарынан бұрын көшіп келген, енді қоныстанып жатқан немесе енді көшуге ниеті бар адамдарды бір арнаға жинап, бір-біріне өзара көмек көрсетуіне, дамуына мүмкіндік береді. Екінші, бұл ұйымның өзіндік жеке қоры болады. Қор керек, себебі Күнгейден Теріскейге көшкісі кеп, бірақ баратын қаражаты болмай, тегін үйге жете алмай отырған қазақ өте көп. Қор арқылы оларға көмектесу тетіктерін қарастырамыз. Бұл бір жағы, басқа тұстары да жетерлік. Үшінші, 112 немесе 103 деген секілді нөмірі бар Колл орталығы болады. Осы көш мәселесімен айналысқалы бері маған күн сайын кем дегенде 20 адам телефоныма хабарласып, әлеуметтік желілерге хат жазады. Шыны керек, физикалық тұрғыда үлгермей жатырмын. Егер ойлағаным іске асып, үгіт насихатты республика деңгейінде жүргізетін болсақ ай сайын кемінде 2000 қоңыраудан артық қабылдап, өңдейтін боламыз. Және де осы Колл орталыққа бекітілген һәм әртүрлі жағдайда уақытылы көмек көрсететін ситуативтік орталық (Ситуационный центр) болады. Өйткені «TÁUEKEL»-дің функциясы көшем дегендерге ақпараттық қызмет көрсетумен ғана шектелмейді. Біз көшіп келіп, осында тұрып жатқандардың мәселесін, арыз шағымдарын жинақтап, шешуге де атсалысамыз. Төртінші, Теріскейге көшуге ниеті бар адамдар жайлы толық мағлұмат яғни отбасы мүшелері, мамандықтары, көшкісі келетін жерлер жайлы критерийлері жинақталған үлкен ақпараттық базамыз болады. Яғни, көшуге ниеті бар адамды осы бір ақпараттар арқылы оған лайық жер іздеп, сасқалақтатпай, бірден ұясына қондыру мәселесімен тікелей айналысамыз. Бесінші, Дүниежүзі Қазақ қауымдастығы және Отандастар қорымен біріге отырып, шетелден келетін қандастарды күтіп алушы, жерсіндіруші тараптың рөлін алуға тырысамыз. Яки, қандастарға барынша көмектесіп, Солтүстікте мекендеп қалуына жағдай жасауға барымызды саламыз. Қандастарға көмек беретін адаптациялық орталығымыз болады. Бесінші, Теріскей аймақтарында жұмыс көзін көбейтіп, жұмыссыздықты азайту мақсатында инвесторлар тарту немесе бизнесмендерді, малшы шаруаларды көшуге үгіттеу және көшіп келген ағайындарды кәсіп ашуға барынша үгіттеуге, баулуға тырысамыз. Айта берсем көп, сөздің ашығы, бұл қауымдастықтың басты мақсаты – Үкіметтің жасап берген көші-қон бағдарламасының нәтижесін максималды арттыру болып табылады. Қысқаша айтқанда билікке көмектесеміз. Сол себепті Үкімет тарапынан барынша қолдау күтемін, – дейді ол.

Адамдар көшіп жатыр. Неге көшеді? Оңтүстіктен қарағанда солтүстіктен жұмыс табу мүмкіндігі молырақ. Бұрын Ақмола жерінде осындай керемет қала болады деп ешкім ойламаған. Аяқ астынан елорда салынды. «Сәл аз ақшаға бұл жақтан үй ала алмайсыз. Сол себепті меніңше, қазақ неғұрлым жер иесі болуға тырысуы керек» дейді ол әңгіме барысында.

Оның айтуынша, Қазақстанның солтүстігінде қаңырап қалған ауылдар өте көп. Ал халықтың біразы қазір сол жаққа көшіп, жерді иеленіп, 2-3 гектар жер алса, сол жердің құны 100 жыл өтсе де түспейді.

– Қуаңшылық кезінде Құрмет көп шаруаға көмектесіп, малдың көбін сақтап қалды. Құрметтің көмегімен Маңғыстаудағы және Қызылордадағы мал иелерінің бәрін болмаса да, көшкісі келетін адамдарды көшіргіміз келеді. Қазақ көшпелі халық болды. Не үшін көшті? Малдың ыңғайы үшін қоныс аударып отыратын. Қызылорда мен Маңғыстау облысында қуаңшылық болуы әбден мүмкін. Ал біз жақта жерді белден қазсаң, қара топырақ. Шөбі шүйгін. Неге көшпеске? Қаншама бос ауылдар жатыр. Инфрақұрылымы сақталған елді мекендер көп. Мысалы, Балуан деген ауылдың жанында көлі бар. Шал ақын ауданының орталығы Сергеевкадан да қатты алыс емес, – дейді Бурахан Дақанов.

Оның сөзіне қарағанда солтүстікке келген адам ұлтына қызмет қылып қана қоймай, өзіне қызмет етіп, малын өсіріп, жағдайы жақсарады.

ҚАРМАҚШЫДАН – ШАЛ АҚЫНҒА

Телеграм әлеуметтік желісінен «Теріскейге жорық» деген чатқа қосылдық. Мұнда 4 мыңға жуық адам бір-бірімен байланысып, жөн сұрасып отырады. Біз де жазып, Солтүстікке көшкен қармақшылықтарды іздедік. Бірер минуттан соң жекеге бір кісі шықты. Өзі осы өңірден көшкенін, қазір әпкесі де солтүстікте қоныстағанын жеткізді. Байланыс нөмірін алып, жалма-жан хабарласа кеттік.

Ә дегеннен әңгімесін әріден бастаған – Шолпан Әлмаханова еді. Қармақшының тумасы, Байқоңырдан Солтүстік Қазақстан облысындағы Шал ақын ауданына көшіп барған.

– Солтүстікті қазақыландыру мақсатында жүзеге аса бастаған бағдарлама бойынша қоныс аудардық. Бірде мектептегі құрбым хабарласты. Солтүстікке көшіп, жұмыс істеп, нәпақа табуға болады. Жағдай жасалады екен деді. Ол жаққа көбі сол жұмыссыздықтан, тығырыққа тірелгеннен қоныс аударып, кәсібін бастайды ғой. Өзім 20 жылдан астам уақыт Байқоңырдағы қазақ мектебінде ұстаз болдым. Осы бағдарламаны естіп, білген соң қызым екеуміз тәуекел еттік те сөмкемізді жинадық. Әрине, туысқандарымыз, жақындарымыз қарсы болды. Енді оңтүстіктен тым жыраққа аттанған оларға оңай тисін бе? Сонымен қалаған ауылымызды таңдап, 2017 жылдың тамызында көшіп келдік. Балуан деген ауылға бардық. Қазақы ауыл болғанымен мұнда бала саны аз болды. Мектеп жабылуға сәл қалған екен. Одан соң Семиполкаға келдік. Бұл жерде менің мамандығым бойынша жұмыс табылмады. Содан барлық жермен сөйлесе, ақылдаса келе Шал ақын ауданындағы Ступинка ауылына тұрақтадық. Келісім-шарттағы 5 жылым аяқталды. Ауыл өте керемет. Табиғатын айтып жеткізе алмаймын. Өзім Байқоңырда жүргенде қан қысымымен тіркеуде тұратынмын. Ал мұнда келгелі бір де бір рет басым ауырған емес, – дейді бүгінде солтүстікқазақстандық атанған жан.

Біз де қызыға сурет, видеолар сұрадық. Бірер минуттың ішінде әсем табиғаттың куәсі болдық. Айнала жасыл желекке толы. Біздікіндей аптап ыстық та байқалмайды. Табиғат аясында балық қуырып, демалуға шыққан шат шадымен жүздерді көріп біз де қуанып қалдық.

«Адам саны аз болғандықтан, солтүстік өңірге оңтүстік жұртын көптеп тарту қажет. Шөбі шүйгін, табиғаты тамаша қазақтың кең-байтақ даласында қазақтың қарадомалақтары көп болуы тиіс!» дейді кейіпкеріміз сөз арасында. Сенат депутаты Әлімжан Құртаев «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысын сынға алды. Депутаттың айтуынша, әкімдіктер қоныс аударушыларға лайықты жағдай жасамайды. Депутат премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа сауал жолдады. «Көшуге ниет білдірген отбасы оларды қабылдайтын өңір туралы толық ақпарат ала алмайды. Сондықтан оларда таңдау шектеулі. Кейбір әкімдік отбасын қалаған ауылына емес, әкімдік көрсеткен ауылға жібереді. Тағы бір мәселе — тұрғын үй мәселесі. Кейбір өңірде жаңа жеке тұрғын үйлерді салу жұмысымен фермерлік шаруашылықтар айналысады және үйді ресми келісу процесін толық өткізбестен тұрғыза береді. БАҚ-та жарияланған ақпарат бойынша, құрылыстың сапасы қойылатын талаптарға сай емес», — деді Құртаев палата отырысында. Сенатор түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынды. Оның айтуынша, қоныс аударушылар үшін call-орталықтар ашу қажет, онда толық ақпарат пен барлық сұраққа жауап берілуі керек. «Сall-орталықтар тиімді жұмыс істеуі үшін бос жұмыс орындары, тұрғын үймен қамтамасыз ету, өңірде шаруашылықтың қандай түрімен айналысуға болатыны және т.б. мәселелер бойынша көшуге ниет білдіргендерге ақпарат бере алатын мамандарды тарту қажет. Банкте несиесі бар қоныс аударушыларға 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге демалыс беруге болады. Бұл да маңызды, себебі көшу барысында туындайтын қарыздар салдарынан азаматтарға субсидия беруден бас тартылады», — деді Әлімжан Құртаев. Тұрғындарды Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне көшіру бойынша «Еңбек» бағдарламасы «жұмыс күші артық өңірден — жұмыс күші тапшы өңірлерге» қағидаты бойынша жұмыс істейді. 2025 жылға дейін оңтүстік өңірлерден 10 мыңға жуық отбасы Солтүстік Қазақстанға қоныс аударуды жоспарлап отыр.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin