Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы Жолдауы халықтың нағыз мәселесіне бағытталып отыр. Мемлекетіміз өз тұрғындарының әлеуметтік мәселесін жақсартып, тұрмыс-тіршілігін мығымдауға бекінген. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз. Бүгін біз алға қойған жоспарымызды пысықтап, мақсаттарымызды айқындаймыз. Қазір жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұр. Соған қарамастан Қазақстан бейбіт әрі эволюциялық жолмен дамып келе жатыр. Біз дамудың жаңа бағдарын белгіледік. Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін бердік. Инфляция баяулады, яғни былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендеді. Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асты. Өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр. Біз осы қарқынды жоғалтпауымыз керек. Бұған дейін жасалған қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Үкімет және әкімдер экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға тиіс. Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл – қолдан келетін шаруа. Қазақстан Республикасының тұрғындары мемлекеттік бағдарламаларға қол жеткізіп ғана қоймай, оны дұрыс қолдану арқылы тұрмыстық әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік алады. Мемлекет болашағын болжап, тұрғындардың жағдайын жақсартуға барынша тырысып келеді. Президент қойған тапсырмаларды орындауда үкіметіміз аянып қалған емес. Шымкент қаласында соңғы бес жыл көлемінде әлеуметтік салада атқарылған жұмыстар ауқымды. Оның 80 пайызы жеке инвесторлар есебінен салынған. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында білім, денсаулық пен спорт салаларына айрықша көңіл бөлінген. Мәселен, білім саласында жүргізілген құрылыс жұмыстары нәтижесінде ондаған білім ошағы салынып, үш ауысымды мектептер саны 19-дан 3-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 17-тен 3-ке азайды. Биыл 18 мектепті пайдалануға беріп, үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешуді көздеп отырмыз. Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 2026 жылға дейін 28 мың орынды 18 мектеп пайдалануға беріледі»
Jsk ақпараттық агенттігі