• 24 ноября, 2024 1:35 пп

Шымкент: Абай ауданының әлеуеті артпақ

Автор:admin

Окт 6, 2023

Мемлекеттік жоспарлау жүйесі жаңа құжаттарды енгізуді және қолданыстағы құжаттардың қайта жүктелуін ескере отырып, «Қазақстан-2050» Стратегиясының қазіргі заман ахуалында және әлемдік дамудың қалыптасқан үрдісімен үйлесе отырып іске асырылуын қамтамасыз ететін үш деңгейлі иерархиялық жүйені сақтап қалды. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, бұған дейін де бірнеше рет айтылғандай, мемлекет дамуының ұзақ мерзімді пайымын айқындайтын елдің негізгі құжаты болып қала береді. Осы құжатқа сәйкес өңірлер мен мегполистерді дамыту шаралары өз жалғасын тауып келеді. Бұл туралы бүгін Абай ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері баяндалған есептік жиында айтылды. Халықпен кездесуде қала әкімдігіңнің сала басшылығы және аудан әкімдері мен барлық басқарма басшылары атқарылған жұмыстармен танысып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Жоспарға сәйкес, 257 мыңнан астам халқы бар аудан жыл соңына дейін ауызсумен, сапалы электр қуатымен толық қамтылады. Ал, газбен қамту жұмыстары келесі жылы аяқталып, тұрғындар 100 пайыз табиғи отынға қосылады. Қазіргі таңда Абай ауданы аумағы бойынша 27 елді мекеннің 20-сы табиғи газ жүйесімен қамтылса, қалған 7 елді мекен қатты отынды пайдалануда. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, биыл Абай ауданындағы Асар-2, Қайнарбұлақ /1-2 кезең, Бозарық 74 га, Нұршуақ елдімекендері табиғи газға қосылады. Ал, 2024 жылы Ынтымақ-2 Қайнарбұлақ саяжайы, Бозарық жаңақұрылыс аумағы, Тәуелсіздікке 20 жыл аумағы табиғи газбен қамтылатын болады. Қазір халық саны 11 мыңнан астам Асар-2 шағынауданын газдандыру жұмыстары 70% аяқталды. Ауданда 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 7 білім ғимараты салынады. Биыл 4 мектеп Нұршуақ, Жаңатұрлан, Бозарық шағынаудандарында бой көтерсе, 2025 жылға дейін заманауи білім ошақтары Асар -2, Шымкент Сити, Достық елдімекендерінен салынады. Сондай-ақ биыл аудан аумағында шағал тас төселген, орташа жөндеуден өткен 60 көше пайдалануға беріледі. Халық қауіпсіздігі де қашан да назарда. Биыл жоспарға енгізілген көшелер жарықтандырылып, белгіленген аумақтарға 250 бейнебақылау қондырғысы орнатылады. «Халық қатысатын бюджет» шеңберінде тұрғындардың талап-тілектері ескеріліп, 15 әмбебап балалар алаңшасы, 3 спорт алаңша салынады. 300-ге жуық тұрғын қатысқан есептік жиында коммуналдық, әлеуметтік салаларға қатысты түрлі сұрақтар қойылды. Жауаптылар халықтың барлық талап-тілектерін назарға алып, тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Мұрат Дүйсенбекұлы аудан әкімі мен сала басшыларына азаматтармен дер кезінде кері байланыс жасап, бірлесе тығыз жұмыс істеуге шақырды.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin