• 27 ноября, 2024 12:38 дп

Шымкент инвестиция тартудан алдыңғы қатардан көрінді!

Автор:admin

Июн 19, 2023

Бүгінде қаламызда «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығы табысты жұмыс істеп тұр. Бұл орталық қаладағы инвестициялық ахуалдың жақсаруына және кәсіпкерлік белсенділіктің артуына ықпал етіп отыр. Нақты айтар болсақ, «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» орталығы 33 мыңға жуық кәсіпкерге қолдау көрсетіпті. Соның ішінде жыл басынан бері 4,6 мыңнан астам кәсіпкерді бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейін сүйемелдеп, көмектесіп отырған. Осындай жан-жақты қолдаудың нәтижесінде Шымкент қаласы 2021 жылдан бері қарай инвестиция көлемінің арту динамикасы бойынша республикада алдыңғы қатардан көрініп келеді.

Инвестиция көлемінің артуы, сөз жоқ, шаһардың экономикалық көрсеткіштерінің жақсаруына жол ашады. Мәселен, жалпы өңірлік өнім көлемі 2,1 трлн. теңгеден 3,1 трлн. теңгеге дейін өсті. Соның ішінде өнеркәсіп өнімі 90 пайызға артып, 492,3 млрд. теңгеден 937 млрд. теңгеге дейін ұлғайды.

Әрине, осы орайда осыншама өнім қай жерде өндіріліп жатыр деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Қаланың өндірістік қуаты негізінен жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаңда шоғырланған. Онда 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін және жалпы құны 350 млрд. теңгені құрайтын 335 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бүгінде бұл жобалардың көпшілігі іске асырылып, нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпорынға айналған. Өнеркәсіп саласындағы өнім негізінен аталған кәсіпорындарда өндіріліп жатыр. Міне, бұл Шымкент қаласында жүйелі түрде жүргізіліп жатқан индустриаландыру жұмыстарының нақты нәтижесі деп айта аламыз.

Мамандардың айтуынша, бүгінде қолданыстағы өндірістік аймақтар 90 пайызға толып тұр. Ал, Шымкентке инвестиция құйып, өндіріс орындарын ашқысы келетін инвесторлардың қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Сол себепті Шымкентте жаңадан жалпы аумағы 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аумақтарын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсақ, биыл «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриалды аймақтарында инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы аяқталады. Онда қазірдің өзінде бірқатар компаниялар жаңа кәсіпорындардың құрылысын бастап кеткен. Сонымен қатар биыл жекеменшік «Стандарт» индустриалды аймағы да іске қосылады деп жоспарланып отыр. Мұнан бөлек Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен Шымкент көлік-логистика аймағының да аумағы кеңейтіліп, қуаттылығын арттыру бойынша жұмыс қолға алынған.

Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының деректеріне сүйенсек, алдын ала есептеулер бойынша бұл аумақтарда 398 млрд. теңгені құрайтын 271 инвестициялық жоба іске асырылады. Онда 12 мыңнан астам жұмыс орындары құрылады деп жоспарланған.

Jsk ақпарат

Автор: admin