Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырды. Шымкент қаласында осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, қаладағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында биыл 14 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сапалы ауыз сумен қамту бойынша құрылыс жұмыстарының бірі «Тұран» шағынауданында. Бұл шағынауданда ауыз су жүйесін тарту жұмыстары осы жылы мердігер мекеме «Үшсай» ЖШС-гімен басталған болатын. Жалпы ұзындығы 59,8 шақырымды құрайды. Бүгінде ауыз су құбырының құрылысы 100 пайыз аяқталып, құбырларды жуып-шаю жұмыстары жүргізілуде. Қыркүйек айының соңында «Тұран» шағынауданындағы 12 600 адам сапалы ауыз сумен қамтылады. Жалпы аталған шағынауданда 1745 жеке тұрғын үй мен 59 көпқабатты үй бар. Еске салсақ, 2015 жылы бекітілген шаһардың бас жоспарына сай Тұран шағынауданы қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан. Жалпы алаңы 1190 гактарды құрайды. Шағынаудан батысында Бәйдібек би даңғылымен шектеседі, солтүстігінде А-2 «Алматы-Термез» автокөлік дәлізі жатыр. Айта кетейік, осы жылы мегаполисте 3 магистралды суаққы, тасымалды 7 елді мекен және ауыз суды кестемен пайдаланып келген екі елді мекеннің құрылысы аяқталып, 25,6 мың адам ауыз сумен қамтылады. Нәтижесінде, қамтылу көрсеткіші 95,6%-дан 98 пайызға өспек. Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы ұсынған мәлімет бойынша, қалада өткен жылы 14 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілген. Осы жылдың қорытындысы бойынша,барлығы 10 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталған. Нәтижесінде Тұран, Асар-2, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңатұрлан және Ақтас-2, Жаңаталап, Сәуле (276 орам) және Нұртас елді мекенінде ауыз су мәселесі түбегейлі шешілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 95,6%-дан, 98%-ға өскен. Сонымен қатар, 3 магистралды суаққының құрылысы аяқталып пайдалануға берілді. Айта кетейік, қазіргі таңда қаладағы 81 елді-мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен толық қамтылған. Ал қалған Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ тұрғын алабына ауыз су кестемен беріледі. 2024 жылы 4 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 98%-дан, 99%-ға өседі деп күтілуде.
Jsk ақпарат