• 24 ноября, 2024 9:50 дп

Шымкент экономикасы: алюминий құты қаптамалары зауыты жұмыс істеуде!

Автор:admin

Апр 8, 2023

 

QazAIPack компаниясы Шымкентте қуаттылығы жылына 500 миллион дана құрайтын алюминий құты қаптамаларын шығаратын зауыт жұмыс жасауда. Жоба Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылды. QazAIPack зауытын іске қосудың салтанатты рәсімі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өтті. Министрдің айтуынша, іске қосылған кәсіпорын жоғары деңгейде өңделген өнімдерді әртараптандыру мен өндірудің табысты үдерісін көрсетеді. «Мемлекеттік қолдау шаралары мен дұрыс құрылған басқарудың арқасында жоба небәрі 2 жылда аяқталды. Зауыт 170-ке жуық қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз етіп, ішкі нарықтағы импорттық өнімнің 75 пайызын ауыстыруға мүмкіндік береді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бизнеспен тікелей диалогқа әрқашан ашық екенін және отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру үшін жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін тағы бір мәрте атап өткім келеді», — деді Қайырбек Өскенбаев. Жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетімен инвестициялық келісімшарт жасалды, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несиелеу бөлінді. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан грант – «Оңтүстік» индустриалды аймағынан инфрақұрылымы дайын жер учаскесі берілді. Зауыттың іске қосылуының салтанатты рәсіміне Индустриалды даму комитетінің, KAZAKH INVEST ұлттық компаниясының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, сондай-ақ Шымкент ӘКК өкілдері қатысты. Мемлекеттік міндеттің бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Қоғамның тұрақты дамуының негізі саналатын осынау салаға билік тарапынан да ерекше көңіл бөлінген. Үнемі қозғалыста болып, қарап отыра алмайтын шымкенттіктер  бұл салада да артта қалмайды. Істің көзін таба білетін еңбекқор халық мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып, түрлі шағын кәсіпті қолға алған. Жалпы өңірде 68 264 шағын және орта кәсіп иесі бар екен. «Бизнестің Жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсібін дөңгелетемін деген жандар үшін биылғы жылға 2 396,0 млн теңге қаралыпты.  Оның бірқатары  жеңілдетілген пайызбен несие алса, тағы біразы қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізеді.

Jsk ақпарат

Автор: admin