• 24 ноября, 2024 7:23 дп

Шымкент қаласы Абай ауданы: Арықтар су басу қауіпінің алдын алып, сапалы интернет – қолжетімді болмақ

Автор:admin

Ноя 4, 2023

Абай ауданында жауын-шашын маусымында су басу қаупі бар 18 орын анықталып, 2022-2025 жылдарға ирригациялық жүйе салу жоспары бекітілген. Алғашқы кезеңде 5 орында ұзындығы 1,7 шақырым болған арық салынса, екінші кезең үшін 9 орынға ирригациялық жүйе салуға қаржы қаралып, мердігер тарапынан жұмыстар басталып кеткен. Ауданда 1274 көшенің 185-інде 144,2 шақырымды құрайтын ирригациялық жүйесі бар. Былтыр жауын-шашын кезінде көлшік су жиналмауы үшін 11,4 шақырымды 21 көшеге арық салынған. Ал, биыл 5,5 шақырымды 14 көшеге суағар салу жоспарланып отыр. –Қазір қаламызда жауын-шашын маусымы. Жаңбырдың жиналған суы тұрғындар мен көлік қозғалысына кері әсерін тигізбеу үшін көлшік болатын орындар қатаң бақылауға алынған. Арнайы мобильді топ су жинала бастағаннан техниканың көмегімен тартып алу жұмысын жүргізеді, – деді Бұхарбай Рысқұлұлы. Ауданның мобильді интернет желісімен қамтылуы – 95 пайыз. Қамту үлесін жоғарылату үшін 2023 жылы 9 елді мекенге базалық станция орнату жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 87 мыңнан астам тұрғын жылдамдығы жоғары болған интернетке қол жеткізіп, көрсеткіш 98 пайызға жетті. Алдағы 2024 жылы Бозарық, Ақжайық, Қатынкөпір және Шұғыла шағынаудандарына мобильді операторлардың базалық станциялары орнатылса, қамту деңгейі 100 пайызға жетпек. –Биыл Қызылжар, Нұршуақ, Ынтымақ, Ынтымақ-2, Асар-2 және Самал – 2 шағынаудандарына талшықты оптикалық интернет желісі тартылды. 2024 жылы Алтынтөбе, Көкбұлақ және Игілік тұрғын алаптарына, 2025 жылы Жайлау, Жиделі, Жаңа Тұралан, Тұрлан, Қатын көпір шағынаудандары мен Қайнарбұлақ тұрғын алабына оптикалық желі жүргізіледі. Нәтижесінде, ауданда талшықты оптикалық желімен қамту деңгейі 95 пайыз болады, – деді Абай ауданының әкімі. Тұрғындардың 80 мәселесі шешілді Елімізде Мемлекет басышысының Жарлығына сәйкес, аудан әкімдерінің тұрғындармен кездесуі жаңа форматта жүзеге асып жатыр. Абай ауданының әкімі Б.Пармановтың айтуынша, бүгінде есеп берудің жаңа әдісі өзінің тиімділігін көрсетіп жатыр екен. –Осы жылдың 10 айында 8 рет тұрғын алаптар мен шағынаудандарды аралап, азаматтармен кездестім. Кездесу барысында аудан тұрғындарынан жалпы 205 ұсыныс-пікір келіп түсті. Тұрғындардың жолдаған 80 мәселе орындалып, 65-і бойынша түсіндірме жұмысы жүргізілді. Ал, 60 мәселені шешу 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізіліп отыр, – деді ол. Ауданда атқарылған жұмыстар аз емес. Десе де, әлі де тындыратын тірлік көп. Жайлы инфрақұрылым, тақтайдай тегіс жолдар, қауіпсіз көшелер, сапалы интернет, бәрі-бәрін атқарудағы бір мақсат – тұрғындардың игілігі. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта өз жалғасын табады деп сенеміз.

 

Jsk ақпараттық орталығы

Автор: admin