• 24 ноября, 2024 1:32 дп

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ: АРҒЫМАҚ ЕЛДІМЕКЕНІ КӨГІЛДІР ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ

Автор:admin

Сен 6, 2023

Өңірлерді көгілдір отынмен қамту мәселесі әрдайым өзекті. Әсіресе, облыс, ауда­н орталығынан шалғай жатқан елді мекендер үшін газ мәселесі талай жылдан бері түйткілді мәселеге айналған.  Шымкентте табиғи газ тапшылығы мәселесі түпкілікті шешілмек. Жауапты мамандар осылай дейді. Нақты айтсақ, 2021 жылы Шымкент қаласында 5 елді мекенге табиғи газ жеткізілген. Сонымен қоса 3 магистральді газ құбыры мен №3 автоматтандырылған газ тарату станциясы салынды. Жалпы, қала тұрғындарын табиғи газбен қамту мақсатында 17 нысанның құрылысы жүргізілді. Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, биылғы жоспар бойынша қала тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету көрсеткіші 94,7 пайызға жеткізілмек. Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков биыл тағы да 2 магистральді газ құбыры жүргізіліп жатқанын жеткізді. – Жыл соңына дейін 8 елді мекенге ішкі газ тарату желісін тартамыз. Олар, атап айтсақ: Тұран, Көкбұлақ, Ақтас 1-2, Батыс, Қайнарбұлақ, Сәуле (276-орам), Ақжар, Арғымақ, Нұртас, Солтүстік саяжай және Тассай елді мекендері. Жалпы, Шымкент қаласын 2025 жылға дейін толық газдандыруды жоспарлап отырмыз, – деді басқарма басшысы. Осы орайда қаладағы №3 автоматтандырылған газ тарату станциясын бөлек атап өтуге болады. Жаңа нысанды іске қосуға байланысты салтанатты рәсімге Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов және «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Санжар Жаркешов қатысты. Мұрат Дүйсенбекұлы бұл газ тарату станциясы мегаполис төңірегіндегі барлық елді мекендерді көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік беретін өте маңызды нысан деп атап өтті. Атқарылған жұмыс нәтижесінде Шымкент қаласының тұрғындарын табиғи газбен қамту көрсеткіші 93 пайызға жетіп отыр. Ал таяуда іске қосылған №3 автоматтандырылған газ тарату станциясы қаладағы абоненттерге газ жеткізу мәселесін түпкілікті шешуге мүмкіндік береді. Қаланың инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы кешенді жоспар аясында бүгінде Тұран ауданы аумағындағы Арғымақ елдімекеніне табиғи газ жеткізілді. Былтырғы жылдың соңында Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар елді мекендерін табиғи газбен қамту құрылысы толық аяқталды.  Техникалық шарттары дайын тұрғын үйлерде абоненттеу жұмыстары жалғасып, нәтижесінде 564 абонент табиғи газға қосылады. Сонымен қатар, Ынтымақ-2 шағын ауданын табиғи газбен қамту мақсатында мердігер мекемелер анықталып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша құрылыс  2024 жылы аяқталады. Сондай-ақ, Қайнарбұлақ 1, 2 кезең құрылыс жұмыстарын аяқтауға қаржы толық қаралған жағдайда 2024 жылы аяқтау жоспарлануда.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin