Шымкент қаласында жаңадан пайда болған Тұран ауданында атқарылып жатқан тірліктер өте көп. Соның бірі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту. Ауданда жауын-шашын маусымында су басу қаупінің алдын алуда ирригациялық жүйелердің маңызы орасан. Келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін Тұран ауданында биыл 24 шақырымды 41 көшеге ирригация салынады. Осы орайда, бүгінде 20 көшеге суағар салу үшін мердігер мекеме анықталып қойған. Мердігер Қазығұрт шағынауданындағы Жандарбеков, Бөгенбай батыр, Шымған, Оңдасынов, Мұханов, Баянауыл, Төлебай көшелеріне, 112 орамдағы Аманжолов, Нарадоволцов, Темірқазық көшелеріне, 4- шағынаудандағы Байтулы баба көшесіне, Наурыз шағынауданындағы Жанкент көшесіне арық салу жұмысын бастап жіберген. Қалған 19 көшеге тамыздың соңына дейін мердігерді анықтау жоспарланып отыр. Ауданда көшелерді жарықтандыру ісі да қарқынды жүріп жатыр. Биыл аудан әкімдігі 22 көшені жарықтандыру жоспарын алға қойып, қазіргі сәтте 5 көшеде жұмыс аяқталған. Тұран ауданына жүктелетін міндеттің бірі – тұрғындарға қолайлы орта жасақтау үшін аулаларды абаттандыру, көгалдандыру және тұрғылықты жерінде демалыс аймағын құрып, спорт және ойын алаңшасын салу. Тұранда 544 көпқабатты үй 355 аулаға біріктірілген. Абаттандыруды қажет ететін 3 аулада құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. –«Халық қатысатын бюджет» жобасы шеңберінде тұрғындардың ұсынысымен 20 ойын алаңшасы мен 12 спорт алаңшасын салуды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда 9 ойын алаңшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.Сонымен қатар, қаланың келбетіне эстетикалық көрік қосып, жаяу жүргіншілердің шөлін басу үшін 13 орынға ауыз су бұрқағы орнатылды. Осы субұрқақтарды орнату мақсатында 6,5 млн. теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды. Олар Мәделі қожа – Рысқұлбеков көшелерінің қиылысы, Байтұрсынов – Бекбосынов, Момышұлы – Желтоқсан, Дулати – Рысқұлов, Темірлан тас жолы – Мангельдин, Темірлан тас жолы – Желтоқсан, Республика даңғылы – Асқаров көшесі және Темірлан тас жолы – Қожанов көшелеріне қойылды, – дейді аудан әкімі. Сапалы интернет қолжетімді Тұран ауданында мобилді интернетпен қамту үлесі 92 пайызды құрайды. Биыл бұл көрсеткішті 95-ке жеткізу үшін 4 елді мекенге мобильді оператордың базалық станциясы орнатылып жатыр. Атап айтсақ, олар –Жаңаталап шағынауданына «Tеле 2», Құрсай, Агрофирма-Қарасуға және Ақжар шағынауданына «Kcell» байланыс оператор станциялары. Нәтижесінде, 37 620 тұрғын сапалы интернетпен қамтылады. Сондай-ақ, оптикалық желі тарту ісі де жолға қойылған. 2023 жылдың жоспарында аудан тұрғындарының 80 пайызын оптикалық желімен қамту тұр. Осы мақсатта 112 орам, Самал-1, Агропром және Жаңаталап шағынаудандарына оптикалық интернет желісі тартылып жатыр. Осылайша, 41 мыңнан астам тұрғын жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізеді.
Jsk ақпарат орталығы