Шырайлы шаһардың саяси дамуы бүгінде жаңа межеге жетіп отыр. Оның айқын дәлелі үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі артып келеді. Соны бірі қаламызда өткен кеңесте ішкі тұрақтылық пен этносаралық татулықты бекемдеу жайы қаралды. Отырысқа қатысқан қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттеріне тоқталып, азаматтық қоғам өкілдерін халық пен билік арасындағы ықпалдастықты нәтижелі арттыруға шақырды. Белгілі қоғам қайраткері, кеңес төрағасы Орынбай Рахманбердиевтің жетекшілігімен өткен жиында тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі қаралып, Абай ауданы әкімдігінің этносаралық саясатты ілгерілетудегі жұмыс барысы сараланды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қалалық тұрғын үй басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Жұлдызай Ордабекова, Абай ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Көшікбаев хабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы кеңінен тоқталды. Қоғамдық келісім кеңесі – қалалық ҚХА жанынан құрылған консультативті-кеңесші орган болып табылады. Құрамына абыройлы ақсақалдар мен этнос көшбасшылары енген кеңестің негізгі функциясы – қоғамдық келісімге кері ықпал ететін мәселелерді қарап, әлеуметтік және басқа да шиеленістерді болдырмау жөнінде ұсынымдар беру. Айта кетейік, биыл кеңес тарапынан мекемелерге 18 ұсыным берілді. Аудандық деңгейдегі кеңес мүшелері этнос өкілдері жинақы қоныстанған аумақтарда өткен 31 кездесуге қатысып, берекелі бірліктің мән-маңызын жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарына жұмылдырылды. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысына және олардың елдегі этносаралық тұрақтылықты нығайтудағы рөліне, мемлекеттік органдардың этносаралық келісімді қамтамасыз ету саласындағы жұмысын жетілдіру мәселелеріне назар аударды. Яғни сапалы талдау және мониторинг жүргізу қажет, халықпен ауқымды ақпараттық және ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыру да маңызды. Сондай-ақ кездесуде жастарды интеграция рухында тәрбиелеу, мемлекеттік тілді меңгеру, басқа мәдениеттер мен дәстүрлер өкілдерімен өзара іс-қимыл жасауға бейілділік таныту қажеттілігі атап өтілді. Бұл бағытта Ассамблеяның барлық құрылымы, Аналар кеңестері, Қоғамдық келісім кеңестері, жастар ұйымдары этносаралық коммуникация алаңы ретінде жұмыс істеуі тиіс.
Jsk ақпарат