Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жоспарына сәйкес, ағымдағы жылы еліміздің барлық өңірінде «Бақытты отбасы – бақытты ел» атты ауқымды акция ұйымдастырылуда. Бұл шараның басты мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты сақтау, әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ету. Мықты мемлекет ең алдымен мықты отбасылардан құралады. Әрбір отбасы – қоғамның шағын бір бөлшегі, ал отбасы ішіндегі береке-бірлік тұтас елдің тұрақтылығына әсер етеді. «Отан – отбасынан басталады» деген халық даналығы осы ұстанымның айқын дәлелі. Акция барысында отбасының қоғамдағы орны, оның жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі кеңінен насихатталуда. Отбасы – рухани тірегіміз, тәрбие мен тағылым ордасы. Жас ұрпақтың бойына адалдық, еңбекқорлық, патриотизм және құқықтық сауаттылықты қалыптастыру алдымен отбасынан бастау алады. Осыған орай ішкі істер органдары қызметкерлері де өздерінің күнделікті кәсіби қызметімен қатар, отбасындағы үлгі-өнегесі арқылы жас буынға жол көрсетуде. Полиция – тек қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуші орган ғана емес, сонымен қатар әрбір отбасының амандығы мен қауіпсіздігіне жауапты мекеме. Ішкі істер органдарының қызметкерлері өз отбасына қамқорлық танытып, бала тәрбиесінде жауапкершілікті сезіну арқылы қоғамда сенімділікті нығайта түседі. Бұл ретте полиция қызметкерлері қызмет бабында да, отбасылық ортада да тәртіптіліктің, әділдіктің, қамқорлықтың үлгісін көрсетуі қажет. Себебі халықтың полицияға деген сенімі ең алдымен олардың адамгершілік бейнесінен көрінеді. Акция барысында еліміздің барлық өңірінде түрлі бағыттағы тәрбиелік, профилактикалық және ағартушылық жұмыстар жүргізілуде. Шымкент қаласында да полиция департаментінің Еңбекші аудандық полиция басқармасы жанындағы Жергілікті полиция қызметі басқармасының Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесі белсенді жұмыс атқаруда. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, мәдениет ошақтарында отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған кездесулер, дөңгелек үстелдер, пікірталастар өткізіліп келеді. Бұл шараларда қоғамдағы отбасының орны, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі туралы мәселелер талқыланады. Акцияның маңызды бағыттарының бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. Өкінішке қарай, отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынаста келеңсіз жағдайлар кездесіп жатады. Мұндай мәселелерді шешу үшін полиция қызметкерлері жүйелі түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, азаматтарға заң аясында кеңес береді. Шара аясында тұрғындар арасында «зорлық-зомбылыққа жол жоқ» деген ұстаным кеңінен насихатталуда. Отбасындағы өзара түсіністік пен сыйластықтың қоғамдағы тұрақтылыққа тікелей әсер ететіні ескертіледі. Жастар – елдің болашағы. Оларды отансүйгіштікке, адалдыққа, тәртіптілікке баулу ең алдымен отбасынан басталады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақалдың мәні терең. Бала ата-анасының іс-әрекетін, қарым-қатынасын бойына сіңіреді. Сондықтан әрбір ата-ана өз отбасы арқылы қоғамға үлгі бола алады. Осы бағытта акция аясында полиция қызметкерлері ата-аналармен кездесіп, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әсіресе жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың құқық бұзушылыққа жол бермеуіне ықпал ету басты назарда. «Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясының тағы бір маңызды мақсаты – қоғамдағы бірлікті нығайту. Отбасы құндылықтары дәріптелген ортада адамдар бір-біріне көбірек сенім білдіреді, өзара қолдау көрсетеді. Бұл өз кезегінде жалпы қоғамдағы тұрақтылыққа оң ықпал етеді. Акция барысында азаматтар бір-біріне жақын болуға, отбасылық мерекелерді атап өтуге, ата-әжелерді құрметтеуге, балаларға қамқорлық көрсетуге шақырылуда. Бұл дәстүрлер қоғамдағы достық пен татулықты арттырады. «Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы – тек бір реттік іс-шара емес, ол қоғамды ізгілікке, бірлікке, тұрақтылыққа үндейтін бастама. Полиция қызметкерлері өз қызметінде заңды қорғап қана қоймай, қоғамдағы рухани құндылықтарды сақтауға, жас ұрпақты тәрбиелеуге де үлес қосуда.
Бірлік пен татулыққа негізделген отбасы – елдің ең үлкен байлығы. Әрбір жанұядағы өзара сыйластық пен түсіністік тұтас қоғамның тұрақтылығы мен даму жолындағы басты кепілі болып қала бермек.
Jsk ақпараттық агенттігі