• 26 ноября, 2024 1:32 пп

Шымкент қаласындағы «Тассай» индустриалды аймағында инсулинді шприцтер мен оның инелерін өндіретін зауыт ашылды.

Автор:admin

Июн 20, 2023

«ЭкоФарм» компаниялар тобына қарасты «GREEN CROSS ECO» компаниясының зауытын ашуға 2 миллиард теңге инвестиция құйылған. Мұнда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өткен 2022 жылы зауыт 60 миллион дана инсулин шприцтері мен инелерін және иммуноферментті анализдің 500 мың диагностикалық жиынтығын өндірді. Осылайша, Шымкентте ашылған инновациялық кәсіпорын импортты алмастыруымен шектелмей, өз өнімдерін экспортқа да шығара бастады.

Бұл – Шымкент республикалық маңызға ие қала мәртебесін алып, мегаполис атанғалы ашылған ондаған кәсіпорындардың біреуі ғана. Бес жылдың ішінде Шымкентте тек өнеркәсіп саласы ғана емес, шағын және орта бизнес, құрылыс, сауда және қызмет көрсету мен аграрлық салалар да қарқынды түрде дамып отыр.

Соның айғағы ретінде қала экономикасына 5 жылда 2 триллион теңгеден астам инвестиция тартылғанын айта аламыз. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Мәселен, Шымкент қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының деректері бойынша, 2018 жылы шаһар экономикасына 184,6 миллиард теңге инвестиция тартылған болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 549,3 миллиард теңгеге жеткен.

Аталған басқарманың мәліметтеріне сүйенсек, биыл алғашқы төрт айдың өзінде Шымкентке 134 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Биылғы жылдың соңына дейін Шымкент экономикасына 721,7 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 32 пайызға жоғары болмақ.

Егер биыл шаһар экономикасына тартылуы жоспарланып отырған инвестицияларды салалар бойынша талдасақ, негізгі үлес шағын және орта кәсіпкерліктің еншісінде екенін байқаймыз. 2023 жылы шағын және орта бизнес бағытына – 250 миллиард, индустриалды жобаларға – 56 миллиард, коммерциялық тұрғын үйлердің құрылысына – 200 миллиард, туризм, көлік және сауда салаларына – 29 миллиард және ауыл шаруашылығына 15 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған.

Осы орайда биыл жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың кейбіріне тоқталып өтсек деген ойдамыз. Мәселен, ірі жобалардың бірі ретінде «Shymkent Temir» ЖШС-інің болат блум өндірісін кеңейту жобасын айтуға болады. Компания бұл жобаға 5 миллиард теңге инвестиция бағыттап отыр. Сол арқылы қолданыстағы өндіріс кеңейтіліп, зауыттың қуаттылығы арта түседі. Нақтырақ айтар болсақ, жылына қосымша 250 мың тонна болат блум өнімдері жасалады деп жоспарланған. Бұл кәсіпорында 50-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Одан басқа «Юг PLASTIC KZ» компаниясы ПВХ-дан кәріз жүйелерін және үй шатырынан жаңбыр суын ағызуға арналған суағарлар өндіру жобасы да бар. Жобаның инвестициялық құны 1,5 млрд. теңгені құрайды және жаңа зауыт жылына 150 мың тонна өнім өндіреді деп күтілуде. Сонымен қатар, «HYDROGEN ENERGY» серіктестігі 4 миллиард теңге инвестиция бағыттай отырып, жылына 8 мың тонна сутегі асқын тотығын өндіретін кәсіпорын ашуды қолға алды.

Jsk ақпарат

Автор: admin