• 23 ноября, 2024 11:03 дп

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЕРІКТІЛЕРІ ҚАН ТАПСЫРДЫ

Автор:admin

Дек 6, 2023

«Мен донормын». Шымкентте дәл осындай атаумен ерікті жастардың қатысуымен акция өтті. Іс-шараны ұйымдастыруға Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» ұйытқы болған. Қан тапсыруға ерік білдірген 50-ден астам волонтер Нұрсат шағынауданында орналасқан қалалық қан орталығына жиналды.
Жастарға қан мен оның компоненттерін қайта құю арқылы адам өмірін құтқарып, денсаулығына қауіп-қатер төнген жандардың өмірін ұзартуға мүмкіндік бар екендігін түсіндіру мақсатында игі істі бастады.
–Акцияға ерікті жастар мен Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысып, өз қандарын тапсырды. Алдымен донорлардың денсаулықтарын толық тексеруден өткізіп, қан мөлшері, гемоглобин көрсеткіші мен түрлі ауру белгілерінің бар-жоғын зертханалық жолмен анықтап, содан кейін ғана қан тапсыруға мүмкіндік берілді, – деді Жастар ресурстық орталығы қоғаммен байланыс және ақпараттық талдау бөлімінің басшысы Ақерке Сұлтан.
М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық инситутының бірінші курс студенті Мардан Орынбай қан орталығына келіп, жыл сайын қан тапсырады екен. Сауапты іс істеп жүрген ол, игі бастамаға достарын да ертіп келіпті.
–Өмірде түрлі оқиға орын алады. Кейбір жандарға қан керек болған жағдайда, қол ұшымды созу менің азаматтық парызым деп білемін. Жастар ресурстық орталығының бастамасымен болып жатқан «Мен донормын» акциясына өз еркіммен қан тапсырып, өзге жанға үміт сыйлағым келеді. Менің қаным бірінші топқа жатқандықтан, абсолютті донор бола аламын, – деді волонтер Мардан Орынбай.
Айта кетейік, орталық облыс және қала бойынша 42 медициналық мекемені қан компоненттерімен қамтамасыз етеді. Шымкент қаласының қан орталығына жыл басынан бері 26 000 азамат қан компоненттерін тапсырған.

Автор: admin