• 25 ноября, 2024 5:01 дп

Шымкент қаласының шалғай елдімекендерін инфрақұрылыммен қамту басты назарда

Автор:admin

Окт 7, 2023

Қаланы инфрақұрылыммен қамту жөнінде арнайы жол карта әзірленіп, жоспар Үкіметтің қолдауымен қарқынды іске асырылып жатыр 2025 жылы Шымкент қаласының тұрғындары 100 пайыз көгілдір отынмен қамтылады. Қалада ауыз сумен қамту деңгейі 98, электрмен қамту 98, табиғи газбен қамту 94 пайызға жетті. Биыл елді мекендерді ауыз су, сапалы электр жүйелерімен қамту мәселесі шешілсе, 2025 жылы табиғи газ тарту құрылыстары аяқталып, қала халқы 100 пайыз көгілдір отынға қол жеткізеді. Қала әкімдігінің басшылығы Астана қаласындағы ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында осылай деген болатын. Шымкентке осыдан бес жыл бұрын магистралды ауыз су қуаттылығы тәулігіне 273 мың текше метр болса, халықтың қажеттілігі 323 мың текше метрді құрайтын. Қала тұрғындары тәулігіне 330 мВт жарық қуатын қолданып келген. Ал, негізгі қажеттілік 455 мВт. Шымкент халқы 270 мың текше метр табиғи газ қажеттілігі болғанымен, тәулігіне 180 текше метр газды тұтынып келді. Жалпы қаладағы 297 мың халыққа ауыз су, 308 мың халыққа электр энергиясы және 257 мың тұрғынға табиғи газ жеткізу мүмкіндігі болмады. Мұндай күрделі мәселені шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаланы инженерлік инфрақұрылыммен қамту бойынша жоспар әзірленген. – Қаланы инфрақұрылыммен қамту жөнінде арнайы жол карта әзірленіп, жоспар Үкіметтің қолдауымен қарқынды іске асырылып жатыр. 1 магистралды суаққы салынып, қуаттылығы тәулігіне 364 мың кубқа жетті. Ол, шамамен 2030 жылға дейін жетеді. 4 қосалқы станция салу арқылы, электр энергиясының қуаттылығы 490 мВт-қа жетіп, қаланың 2025 жылға дейінгі қажеттілігі шешілді. Газдандыру саласында да оң нәтижеге қол жеткіздік. Жаңа АГРС салу арқылы, газ қуаттылығы тәулігіне 430 мың метр кубқа жетіп, 2030 жылға дейінгі табиғи газ мәселесі шешімін тапты, — дейді қала басшылығы. Айта кетейік, бүгінде Мирас, Шапағат-2 шағын аудандарында кәріз жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Аталған елдімекендерге канализациялық желілерді жүргізу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, 2020 жылы сараптамалық қорытынды алынған болатын. Мердігер мекеме 2021-2023 жылдарға құрылыс жұмыстарына бөлінген бюджет қаражаты есебінен кәріз желілерін тартуда. Қазіргі таңда қаламыздағы 81 шағынауданның 24-і канализациямен қамтамасыз етілген. Биыл Тассай, Тұран (ішкі жүйесі), Қайтпас-2, 112- орам, Бозарық шағынаудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, 60 мыңға жуық абонент кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде қалада кәрізбен қамту көрсеткіші 60%-дан 65%-ға артатын болады. Мирас-Шапағат-2 нысанында жоспар бойынша жалпы ұзындығы 50,4 шақырым құбыр жүргізіледі. Осыған дейін жұмыстардың 69% аяқталған. Жалпы 30 адам, 7 арнайы техника жұмылдырылған нысанның құрылыс жұмыстары толығымен 2024 жылы аяқталатын болады.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin