• 25 ноября, 2024 12:57 дп

ШЫМКЕНТТЕ БАҚ ӨКІЛДЕРІ ҚАЙТАРЫМСЫЗ МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ ИЕГЕРЛЕРІНІҢ КӘСІПТЕРІМЕН ТАНЫСТЫ

Автор:admin

Июл 2, 2023

Шымкентте қайтарымсыз мемлекеттік грант алған азаматтардың істері алға басуда. Бүгін БАҚ өкілдері қалалық жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен өткен баспасөз  туры барысында мемлекеттен қолдау тапқан бірқатар кәсіп иелерінің жұмысымен танысты. Киіз басып, текемет тоқуды өмірлік кәсіп еткен қолөнер шебері  Мадина Ахметованың бұйымдары бүгінде АҚШ –та өтіп жатқан көрмеде ұсынылуда. Көпбалалы ана түрлі дүниелерді ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендіріп, дайындайды.  -Былтыр мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, киіз басатын станок сатып алдым. Мен үшін ол үлкен көмек болды. Өйткені, жұмысымның жеңілдегені бар, оған қоса тауарларымның көлемі артты,-дейді грант иегері. Журналистер баспасөз-туры барысында арболитті блок шығарумен айналысып, қосымша екі азаматты жұмыспен қамтып отырған Нұрымжан Шойбековтың жұмысымен танысты. Грант иегері қайтарымсыз қаражатқа құрал-жабдық сатып алған. Нәтижесінде өнім өндіру қуаттылығы артқан.  Кәсіп егесінің айтуынша, аталмыш құрылыс материалы экологиялық таза әрі өте тиімді. Шымкентте қазіргі таңда арболитті блокты шығаратын жалғыз өндіруші осы азамат. Тауарға тапсырыс  көбінесе Алматы қаласынан түсуде.  БАҚ өкілдері мемлекет тарапынан қолдау тауып, өз кәсібін дөңгелеткен басқа да азаматтардың жұмысымен танысты. Жалпы, былтыр Шымкент қаласында  «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде мемлекеттік грант иегері атанған 1096 азамат өз қызметін салық органдарында тіркеп, есептерін тапсырған.  -Қайтарымсыз грант әлеуметтік осал топтағы азаматтардың аяққа тұрып, өз кәсібін ашуына берілетін мемлекеттік қаржылай қолдау. Қаражаттың мақсатты жұмсалып, жеке кәсіп ашуға пайдаланылғанына мамандар тарапынан тексеру жүргізіліп отырады. Басқарма тарапынан былтыр грант алған 893 азаматтың кәсібіне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 827 азаматтың жұмыс орнын ашып, қосымша 25 азаматты жұмыспен қамтығаны белгілі болып отыр. Бұл біз үшін қуантарлық жағдай. Қалған азаматтардың кәсібіне алдағы уақытта зерделеу жүргізілетін болады,-дейді қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы директорының орынбасары Жұлдыз Балтабаева.  Басқарма мәліметінше, сондай-ақ әкімшілік-құқықтық бөліміне мемлекеттік грант қаржысын мақсатсыз пайдаланған үшін жалпы 142 азамат ұсынылған. Оның ішінде қаражатты қайтару үшін сотқа 136 азаматқа қатысты талап арыздар жолданып, оның ішінде 109 азаматқа қаржыны қайтару бойынша сот шешімі шықты. 24 азаматтың талап арыздары қазіргі таңда сотпен қаралуда және 9 азаматқа қатысты талап арыздар алдағы уақытта сотқа жолданады.  Биыл Шымкентте әлеуметтік осал топты азаматтарға арналған грантты жалпы саны 447 адамға  беру жоспарланған. Жыл басынан бері өткізілген бірінші және екінші лектің өзінде 6000-ға жуық азаматтан өтінім түсіп, 227-не оң шешім қабылданған.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin