• 5 сентября, 2025 7:51 пп

Шымкентте ерікті жастарға арналған эко-экскурсия өтті

Автор:admin

Сен 5, 2025

 

«Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған шара жастардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталды
Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ерікті жастарға арналған танымдық эко-экскурсия ұйымдастырылды. Іс-шараны Шымкент қаласының «Жастар ресурстық орталығы», «ASAA» волонтерлік ұйымы және «ЮНИСЕФ» еріктілер қозғалысы бірлесе өткізді.
Экскурсия аясында қатысушылар қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы жергілікті кәсіпорын – «ЭКО шина» зауытының жұмысымен танысты. Жастар пайдаланылған шиналарды қайта өңдеу үдерісін көзбен көріп, резеңке үгінділерінің өндірісі, оларды қайта пайдаланудың жолдары туралы ақпарат алды.
Зауыт мамандары резеңке қалдықтарының экологияға зиянын, оларды қайта өңдеудің артықшылықтарын және бұл салада қолданылып жатқан жаңа технологиялар туралы кеңінен түсіндіріп берді. Сарапшылардың айтуынша, пайдаланылған шиналарды қайта өңдеу ауа мен топырақтың ластануын азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ табиғи ресурстарды үнемдеу ісінде маңызды рөл атқарады.
Экскурсия барысында жастардың экологиялық мәдениетін арттыруға, оларды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға баулу мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастарды экологиялық бастамаларға белсенді қатысуға ынталандырып, олардың «жасыл сана» қалыптастыруына ықпал етеді.
– Бүгінгі шара жастар үшін ерекше тәжірибе болды. Қалдықты кәдеге жарату саласындағы нақты мысалдар арқылы экологиялық проблемаларды шешуде әр адамның үлесі маңызды екенін көрсете алдық. Ерікті жастардың белсенділігі қуантады, – дейді іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі.
Айта кетейік, бұл бастама елімізде экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында жүзеге асырылып отыр. Аталған акцияның негізгі мақсаты – тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру және қоршаған ортаны сақтау бойынша нақты іс-шараларды іске асыру.
Мұндай мазмұнды және тәжірибелік шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Ұйымдастырушылар жастардың экологиялық жобаларға қатысуын тұрақты түрде жандандыруды қолға алып отыр.

Автор: admin