• 24 ноября, 2024 8:31 дп

ШЫМКЕНТТЕ КОРЕЙ ЭТНОСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТІ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Автор:admin

Окт 10, 2022

Шымкент қаласындағы корей этносының мәдениеті күні іс-шарасы өтті. Жиынға қалалық ҚХА мүшелері, зиялы қауым өкілдері, корей этникалық қауымдастығының өкілдері, қалалық корей этномәдени бірлестігінің мүшелері, қала тұрғындары қатысты. Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов шаhардағы корейлер қауымдастығы барлық саланың дамуына өз үлестерін қосып жатқанын атап өтті.  Биыл корейлердің Қазақстан жеріне күштеп қоныс аударғанына 85 жыл толып отыр. Зұлмат жылдары корейлердің 8 мыңға жуық отбасын оңтүстік өлкесі қабылдады. 85-жылдық кезең ішінде корейлер қауымдастығы Қазақстанның ғылымы мен білімінде, мәдениетінде, өнері мен әдебиетінде, денсаулық сақтау жүйесінде, спорт саласында жарқын із қалдырды. Шымкент қаласындағы корейлер қауымдастығының белді өкілдері қаламыздың сәулетін арттыруға, білімін көтеруге, ғылымын қалыптастыруға, мәдениеті мен өнерін ілгерілетуге, тұрғындардың денсаулығын сақтауға, спортта алдыңғы орыннан көрінуіне қызмет етуде, — деді басқарма басшысы. Осыдан 33 жыл бұрын қаламызда корей этномәдени бірлестігі құрылып, оңтүстік өлкедегі 50 мыңға жуық корей этносы өкілдерінің басын біріктірді.  Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак қауымдастық өкілдері еліміздің дамуына бар күш-жігерін салып жатқанын айта келе, қазақ халқына алғысын жеткізді. Мерекелік жиында еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуына, ішкі тұрақтылықты сақтауға үлес қосқан қауымдастық өкілдері Шымкент қаласы әкімінің, ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Іс-шарада корей этномәдени бірлестігі жанындағы шығармашылық ұжымдар әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін дүниежүзіне танылған мемлекет болды. Ұлы Отан соғысы жылдары елдерді еріксіз көшіру науқанынан Қазақстан көп этносты мемлекет болып, бүгінгі күні оны мекендейтін ұлттардың өз Отанына айналды. Тоталитарлық жүйеде миллиондаған азаматтардың тағдыры тәлкек болып, заман қасіретін арқалап, алғашында жеке адамдар қудаланса, кейіннен бұл сасясат шекаралық аймақтағы тұтастай халықтарды туған жерінен айырып, басқа аймаққа күшпен жер аудартты. Оларды қоныстандырған жердің негізгі қатарына Қазақстан кірді. Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысына дейін де тоталитарлық жүйенің нақты орталығы болып келді. Себебі қазақ халқының ашаршылық жылдары, ұжымдастыру кезеңі, қуғын-сүргін уақытындағы демографиялық өзгеріске ұшыратқан кеңестік дәуірдің терең саясатының бір көрінісін — Ұлы Отан соғысы жылдарында басқа ұлт өкілдерін күштеп шоғырландыру арқылы тағы да жүзеге аса түскенін байқатады. Сондай-ақ, кейіннен ақпан-наурыз пленумының шешімімен ағылып келіп жатқан халықтардың шоғырлануымен толықтырды.

Jsk ақпарат

Автор: admin