Қала тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын, тұрмысын жақсартуға шағын және орта бизнестің алар орны орасан. Үш айдың қорытындысы бойынша шаһарда 121,2 мың шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді екен. Оның ішінде заңды тұлғалар – 20,4 мың, жеке тұлғалар – 95,2 мың және 5,6 мың шаруа қожалығы бар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шағын және орта бизнес 52,6 пайызға өсіпті. 2022 жылдың өзінде шағын бизнесте өндірілген өнімнің көлемі 1 961,5 млрд теңгені құраған. Өткен жылдың қаңтар мен қыркүйек аралығында шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 40,7 пайызға жеткен. Биыл көрсеткішті 43 пайызға жеткізу көзделген. Осы бағыт бойынша 2022 жылы 205,6 мың адам жұмыспен қамтылса, биыл 210 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Елімізде кәсіп бастауға ниеттенген азаматтарға мемлекеттік қолдау көп. Осындай тұрғындарды мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау үшін 2023 жылға 18,7 млрд теңге қаржы бөлініпті. Оның 3,5 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен қаралған. Жыл басынан бері 1,4 млрд теңгеге 2 056 жобаға қолдау көрсетілген екен. Жалпы «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған» Ұлттық жоба шеңберінде 2023 жылға 17,3 млрд теңге бөлінген. Бүгінге дейін 1 922 жобаға 1,2 млрд теңгеге қолдау көрсетіліпті. Оның ішінде, банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша 1896 жобаға — 998,9 млн теңге қаралса, 36 жобаға — 193,9 млн теңге банк несиелері бойынша ішінара кепілдендіруге жұмсалған. Ал «Іскер қала» іс-шара жоспары шеңберінде 2023 жылға 1,4 млрд теңге бөлініпті. Бүгінгі таңда 134 жобаға 222,1 млн. теңгеге қолдау көрсетілді. Оның 217,8 млн теңгесі шағын несиелендіруге, 4,3 млн теңгесі пайыздық сыйақыны субсидиялауға жұмсалыпты. Шымкентте жалпы ауданы 643 мың шаршы метрді құрайтын 36 базар жұмыс істейді. Оның 19-ы әмбебап, мамандандырылғаны – 17. ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңы қала базарларын құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестендіруді, базарларды жаңғыртуды талап етеді. Талаптарға сәйкес 19 базар қайта құрылымдауға жатады. Бүгінге дейін «Бекжан», «Шымкент Тұлпар», «Исатай» (Алатау), «Акбар», «Иманалиев» мал базары, «Барыс», «Жабық базар», «Көктем», «Жібек Жолы», «Жаңа шаһар», «Назым апа», «Көмеш бұлақ» базарларын реконструкциялау және құрылыс нормаларына сәйкес келтіру жұмыстары аяқталды. Одан бөлек, «Авто Нұр», «Орталық қырғы базар», «Алаш», «Айна» және «Самал» базарында модернизациялау жұмыстары жүргізілген.
Jsk ақпарат