• 25 ноября, 2024 9:36 пп

Шымкентте су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілуде

Автор:admin

Окт 2, 2024

Шымкент қаласында «Бадам» өзенінің арнасы бойынша жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар «Cу тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы» шеңберінде жасалуда. Бадам өзенінің арнасын түзету және жағалауды нығайту бойынша ұзындығы 9 шақырым құрайтын 6 елді мекенде (Жыланбұзған, Тоғызтас, Маятас, Қызылжар, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл) жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады. Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб шеңберінде бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Шымкент қаласының әкімдігі арқылы да нақты іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, су басу қаупі бар аймақтардан мал өлімінің алдын алу мақсатында малды қауіпсіз жайылым орындарына көшіру жұмыстары мен оқу жаттығу жұмыстары жүйеленіп ұйымдастырылып тұрады. Су тасқыны, су басу – болжап болмайтын салдарға әкелуі мүмкін қауіпті табиғи құбылыс. Ол ауа райы температурасының кенет көтерілуі, қардың қарқынды еруі, нөсер жаңбыр, қума жел, мұздың кептелуі және т.б. өзен, көлдегі судың көтерілуі нәтижесінде бірталай жер су астында қалуы. Су тасқыны мен су басудың қауіпті факторлары: тұрғын үйлер мен ғимараттардың, көпірлердің қирауы; темір жолдары мен автомобиль жолдарын су жырып кетуі, инженерлік жүйелердегі авариялар, адам мен малдың өлім-жітіміне алып келуі мүмкін. Су тасқыны және су басуының салдарынан тұрғын үйлердің және жердің отыруы басталады, жылжу және опырылу жағдайы туындайды.  Су тасқыны және су басу кезеңінде халыққа күні бұрын хабар беретіндіктен, тұрғын үйлерде және жұмыс орындарында радиотрансляция торабы тәулік бойы жұмыс істеуі қажет. Хабарландыру сигналдары, эвакуация жасау шаралары мен ережелерімен танысып, оған күні бұрын дайын болыңыз.

Су тасқыны қауіпі туындаған жағдайдағы іс-әрекеттеріңіз:

– төтенше жағдайлар туралы және іс-әрекет жасау ережелері туралы ақпаратты мұқият тыңдаңыз, телефонды қажетсіз қолданбаңыз, ол сізбен байланысу үшін бос болу керек;

– сабыр сақтаңыз, көршілеріңізді ескертіңіз, мүгедек адамдарға, балаларға және қарт адамдарға көмек көрсетіңіз;

– әкімдіктен тұрғындарға эвакуация жасау үшін жиналатын жерді сұрап біліңіз және оған дайын болыңыз;

– құжаттарыңызды, киімдеріңізді, ең қажет заттарыңызды, бірнеше күнге азық-түлік қорын, дәрі-дәрмектеріңізді дайын ұстаңыз. Барлығын шабаданға немесе сөмкеге салып қойыңыз. Құжаттарыңызды су өткізбейтін пакеттерде сақтаңыз.

– барлық электр құралдарын тоқтан ажыратыңыз, газды сөндіріңіз.

– құнды заттарыңызды және азық-түліктеріңізді жоғарғы қабатқа немесе жоғары сөреге көтеріңіз

Су тасқыны кезінде кенет су басу аймағындағы іс-әрекеттеріңіз:

– сабыр сақтаңыз, үрейленбеңіз;

– тез қажетті құжаттарыңызды, құндылық­тарыңыз­ды, дәрілеріңізді, азық-түлік және басқа да қажетті заттарыңызды жинаңыз;

– балаларға, мүгедек адамдарға және қарт адам­дарға көмек көрсетіңіз, олар эвакуациялауға бірінші жатады;

– мүмкіндігінше тез арада су басу аймағынан шы­ғыңыз;

– үйден шығар алдында электр және газбен жаб­дық­тау торабынан айырыңыз, пештегі отты өшіріңіз. Есік және терезелерді жабыңыз, уақыт болса – бірінші қабаттағы есік және терезелерді тақтаймен (қалқан) бекітіңіз;

– жоғарғы қабаттарға көтеріліңіз. Егер үй бірқабатты болса – шатырдың астында болыңыз.

– көмек келгенше жоғарғы қабаттарда, төбелерде, ағаш немесе басқа да жоғарлықта болыңыз, мүмкін болса ұялы телефонмен құтқарушыларға хабарласыңыз. Сізді мүмкіндігінше тез табу үшін белгі беріңіз.

– байқаңыз, жақын жерде зардап шеккендер болса, оларға мүмкіндік болса көмек көрсетіңіз.

Есіңізде сақтаңыз, дұрыс іс-әрекет сіздің және сіздің жақындарыңыздың өмірін сақтайды!

Сырдария ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінде 21-4-94 номерлі сенім телефоны жұмыс жасайды.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin