• 22 ноября, 2024 7:32 дп

ШЫМКЕНТТЕ ТҰРҒЫНДАРҒА ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Автор:admin

Июн 5, 2022

Бүгін Шымкент қаласы Қайтпас -1 шағынауданында газдан уланудың алдын-алу және рұқсат етілмеген орындарда шомылудың қауіптілігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы, Қаратау әкімдігі, Қаратау ауданы төтенше жағдайлар басқармасының мамандары және Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ерікті жастары бірлесе отырып, үйлерді аралап, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.  Тұрмыстық газдың түнде таралуы ерекше қауіп тудырады, себебі өрістеуші гипоксия ұйқының физиологиялық жай-күйіне әсер етеді және ол мүлде байқалмайды, бұл ретте зардап шеккендер есін жиып үлгермей, өліп кетеді. Улану белгілері. Ауадағы газдың шоғырлануына байланысты улану дәрежесі жеңілден ауырға дейін құбылады, ең әрі дегенде – тез улану орын алады. Жеңіл дәрежеде уланғанда: құлақта шу, зыңыл; бас ауруы; бас айналуы; көз бен жұтқыншақты тесу және күйдіру; мұрыннан су, көзден жас ағу пайда болады. Газдан уланудың алдын алу мақсатында газ жабдығының жай-күйін жүйелі түрде бақылау, оны жарамды күйде ұстау қажет. Техникалық ақау табылған жағдайда, сондай-ақ ақау тууы ықтимал күдікті жағдайда газ беруді дереу тоқтату керек және «104» нөмірі бойынша мамандарды шақыру қажет (қызмет тегін). Газ жабдығы бар үй-жайда желдетуді қамтамасыз ету керек. Газ аспаптарында Автоматты авариялық жүйе болмаған жағдайда – оларды бақылаусыз қалдырмау керек. Әсіресе түнгі уақытта үй-жайларды жылыту үшін газ плиталарын қолданбау керек. Газды пайдаланып болғаннан кейін газ аспаптарындағы крандар мен вентильдерді, ал баллондарды пайдалану кезінде баллондардың вентильдерін жабу керек. Ұзаққа үйден шығарда газ құбырларына газ жіберуді тоқтату керек. Балалар ойындарында газ жабдықтарын пайдалануға жол бермей, балаларды плиталардың, газ баллондарының жанында жалғыз қалдырмау керек. Тамақ дайындау барысында конфорканың құрғақ болуын, оларға сұйықтықтың төгілмеуін қадағалау керек.

— Шымкент қаласында өткен жылыту маусымында 600-ге жуық адам газдан уланды. Жылыту маусымы аяқталғанына қарамастан тұрғындардың улануы әлі де кездесіп жатыр. Сондықтан қауіпсіздік ережелерін халыққа барынша түсіндіріп жатырмыз. Ең бастысы «Қазақстан Республикасының газ және газ жабдықтау» туралы заңының талаптарына сәйкес әрбір тұтынушы үйішілік техникалық қызмет көрсетуші компаниялармен келісім шарт жасауы міндетті. Мұндай мекемелер газ қондырғыларының дұрыс орнатылуы мен пайдаланылуын және өзге де қауіпсіздік шараларының сақталуын қамтамасыз етеді. Заңның осы талабының тұрғындар тарапынан ескерілмеуі адамдардың газдан уланып, тіпті кейбірінің қазаға ұшырауына себеп болуда, — дейді Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы газ — техникалық инспекция бөлімінің бас маманы, мемлекеттік инспектор Данияр Әшірәлиев.  Айта кетейік, тиісті мекемелер тұрғындар арасында осындай түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin