Төтенше жағдай – адам шығынына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге, елеулі материалдық нұқсанға және адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан аварияның, өрттің, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің, қауіпті табиғи құбылыстың, апаттың, дүлей немесе өзге де зілзаланың салдарынан қалыптасқан белгілі бір аумақтағы жағдай. Міне осындай фактордың алдын-алу шаралары біздің Шымкент қаласында жыл бойы өтеді. Мәселен Шымкент қаласындағы Төтенше жағдайлар департаментінде Қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Әлтеевтің жетекшілігімен көшпелі жиын өтті. Қоғамдық кеңес мүшелеріне алдымен өрт сөндіру бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасы таныстырылып, мұнан соң Департамент қызметінің нәтижелері туралы жұмыстар баяндалды. Орманды дала аймақтары мен қалалық саябақтар аумағында орын алатын өрттің алдын-алу мәселелері де айтылды. Департаменттің негізгі міндеттері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және оларды жоюға, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қала аумағында азаматтық қорғанысты ұйымдастыруға, азаматтық қорғау күштеріне басшылық жасауға бағытталған. Бүгінде шаһарда Төтенше жағдайлардың 72% өрттерді құраса, оның 79%-ы тұрғын үй секторында және көлік құралдарында тіркелген. Жану және өрт фактілері бойынша жалпы 152 жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 133 ескерту, жалпы сомасы 655 мың 500 теңгеге 19 тұлғаға айыппұл салынды. Өрттің шығатын негізгі себептері электр аспаптарының, электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, өрт көздерін абайсыз пайдаланудан болуда. Департамент басшысы дала, орман өрттерін алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтті. Бүгінде 1075,3 шақырымды құрайтын минералды жолақтарды құру жұмыстары жүргізіліп, шаруашылық қожалықтар мен тұрғындардың арасында түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды, арнайы өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілген. Қазіргі таңда Департаментте жалпы 117 бірлік арнайы және қосалқы техникалары бар, жабдықталуы 96,6% құрайды. Өткен жылы министрліктен 5 бірлік заманауи өрт сөндіру және қызметтік автокөліктері берілді.
Jsk ақпараттық агенттігі