Бүгінде Қаратау ауданындағы Мәртөбе тұрғын алабы ауыз су, электр жарығы және табиғи газбен толық қамтамасыз етілген. 2024 жылы Жеңіске 40 жыл (0,6 шақырым), 2024 жылы Дулати, № 1,2 көшелерін (1,5 шақырым) асфальттау жоспарланып отыр. Жол инфрақұрылымын дамыту кезең-кезең бойынша жүзеге асады. Былтыр 1 көше (Леонова) жарықтандырылды. 2023 жылы 2 көше (Садовая, Қазбелтау), 2024 жылы 2 көшені (Жуков, Атамекен) жарықтандыру жұмыстары атқарылады. Елді мекенде биыл балалар ойын алаңшасы және спорт алаңшасын салу үшін бос жерлерге зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Жетекші елдердің экономикалық әлеуеті көбіне ірі мегаполистерде шоғырланған. Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 70 пайыздан астамы да жаһандық қалаларда түзіледі. Ал Қазақстанда миллионнан астам тұрғыны бар қалалардың инфрақұрылымы кәсіпорындар мен тұрғындардың жедел өсіп келе жатқан сұранысына сай келмей тұр. Әсіресе автожолдар заман талабына сәйкес келмеді. Олай болса ендігі жұмыс – өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту. Осыған орай биыл Шымкентте жол жөндеу жұмыстарына қазынадан 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Жергілікті әкімдік қазына қазанынан алынған қаражаттың есебінен қаладағы автожолдар мен ішкі орамдық көшелердің жыртығын жамап, жол салынбаған жерлерге жаңасын төсейді. Республиканың маңызды өнеркәсіп, туристік және мәдени орталығы – Шымкентте төтенше жағдай кезінде де құрылыс жұмыстары саябырлаған жоқ. Керісінше, карантин құшағындағы қала көшелеріндегі тыныштықты сәтті пайдаланған жергілікті билік шаһардағы бірқатар жол бөлігіне жөндеу жұмыстарын жүргізгендігі белгілі. Көшедегі көлік қозғалысының аздығы мен жұрттың жаппай үйде отырған сәтін пайдаланған салалық мекемелер ойдым-ойдым, шаңдағы шыққан көшелерге асфальт төсеп тастады. Қала аумағында жүріп жатқан қарқынды жол салу жұмыстарының сапасына баса мән берген шаһар басшылығы қайнаған еңбек алаңына барып, құрылыс барысымен танысқан болатын. «Қаланың орталығында тұрсақ та талайдан бері топырақ кешіп жүр едік. Енді міне, көшемізге асфальт төселіп, су ағатын арықтар салынуда. Бұған, әсіресе балаларымыз қатты қуанды. Көшеміздің ажары кірді. Бұл үшін қала тұрғындарының атынан алғысымыз шексіз», деді Самал-2 шағын ауданындағы Сейітов көшесінің тұрғындары қала әкімдігінің мамандарымен жүздесуінде. Жыл сайын тұрғындардың бас ауыртатын мәселесі де осы жол сапасы еді. Шымкент қаласында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2 977 шақырымды құрағанымен, асфальт-бетон жолдың үлесі (59,1 пайыз) әлі де төмен. Ал шағыл тас жол 1107 шақырымды құрайды, тұрғындар әлі күнге дейін 111,5 шақырым топырақ жолмен қатынап жүр. Жыл басындағы есепті кездесуде осындай деректерді ортаға салған әкім шағыл тас, топырақ жолдар мен ішкі орамдық көшелерді кезең-кезеңімен қайта жөндеуден өткізетінін жеткізген еді. Бүгінгі шаруа соның дәлелі десек те болады.
Jsk ақпараттық орталығы