Аз уақыттың ішінде өз тиімділігін дәлелдеген Қоғамдық кеңес жұмысы «Ұлт жоспары. 100 нақты қадамда» нақты көрініс тапты. Кейін облыстық, республикалық атқарушы органдар жанынан Қоғамдық кеңестер құрылып, ашықтық, жариялылық қағидаты негізінде жұмыс істей бастады. Елімізде 2015 жылғы 2 қарашада «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң қабылданды. Заңға сәйкес министрліктер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар, жергілікті мемлекеттік басқару органдары, квазимемлекеттік сектор субъектілері құратын консультативтік-кеңесші, байқаушы органдар Қоғамдық кеңестер болып табылады. Ақпарат үшін мысал келтірер болсақ, қазіргі таңда республикада 251 қоғамдық кеңес жұмыс істейді екен. Оның ішінде республикалық деңгейде – 35, жергілікті деңгейде – 216 қоғамдық кеңес бар. Ресми мәліметтер еліміздегі Қоғамдық кеңестер құрамында 3801 адам, ал республикалық деңгейде 402 мүше және өңірлік деңгейде 3399 мүше бар екенін айғақтайды. Тағы да бір атап өтетін жайт, 2021 жылдан бастап Қоғамдық кеңестер квазимемлекеттік сектордың 12 субъектісі жанынан да құрылды. Ел ішіндегі проблемаларды қозғап, тиісті мемлекеттік органдарға жеткізетін ұйымдардың бірі – қоғамдық кеңес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық сұхбат – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «Естуші мемлекет» тұжырымдамасын іске асырып, азаматтық қоғамды нығайтуға шақырған болатын. Әр жоба жүзеге асқан бастапқы уақытта кемшіліксіз болмайтыны, халықтың сынынан өтіп барып, өз жолын табатыны белгілі. Сол сияқты «Естуші мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асқанмен аймақтық деңгейдегі органдардың халықпен тығыз жұмыс істемейтіні жасырын емес. Біз қозғап отырған қоғамдық кеңес те осы мәселені шешіп, «естуші мемлекет» тұжырымдамасына өзіндік үлесін қосуы тиіс. Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында басқарма басшыларының баяндамасы тыңдалып, бірқатар шешімдер қабылданды. Жалпы 8 мәселе қаралды. Атап айтқанда, Шымкент қаласының тұрғындарын баспанамен қамту шаралары және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, әлеуметтік сала бойынша мәселелер, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы талқыға түсті. Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев «2022-2024 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы баяндама жасады. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров «2022 жылға субсидияланатын пестицидтердің, биоагенттердің тізбесін және субсидиялау нормаларын, сондай-ақ, пестицидтердің, биоагенттердің құнын арзандатуға арналған субсидиялар көлемін бекіту мәселесін баяндады. Жиында қаулы жобалары, жалпы қаралған мәселелер қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қолдауға ие болды.
Jsk ақпарат