• 13 октября, 2025 11:18 пп

Шымкентте ұландықтар «Қазтест» жүйесі бойынша тест тапсырды

Автор:admin

Окт 6, 2025

 

Бүгін ҚР Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің жеке құрамы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында “Қазтест” диагностикалық тестін тапсырды. Жалпы саны 450 әскери қызметші қатысқан тестілеу тыңдалым, оқылым, лексика-грамматикалық білім мен жазылым бөлімдерін қамтыды. Бұл — әскери қызметшілердің қазақ тіліндегі коммуникативтік қабілетін арттыруға және мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалауға бағытталған маңызды қадам.

Тестілеу барысында әскери қызметшілер белсенділік танытып, мемлекеттік тілге деген құрметтерін көрсетті.

“Қазтест” жүйесінің артықшылығы – ол халықаралық тілдік тестілеу талаптарына сай құрылған, нақты деңгейлік бағалау жүргізеді. Аталған тест нәтижесі әрбір әскери қызметшінің тілді меңгеру деңгейін анықтауға, әрі қарай тілдік даярлықты жетілдіру жоспарын құруға мүмкіндік береді.

Тест қорытындысы бойынша көпшілік қатысушылар орта және ортадан жоғары деңгей көрсетті. Бұл бөлімде мемлекеттік тілді меңгеруге бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі деуге болады.

6506 әскери бөлімінің командирі мемлекеттік тілдің маңыздылығына ерекше тоқталып: – Бүгінгі таңда мемлекеттік тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттық болмысымыздың өзегі, бірлігіміздің кепілі. Әскери ортада тіл мәдениетін қалыптастыру – әр әскери қызметшінің міндеті. “Қазтест” жүйесі – осы бағыттағы жұмыстардың тиімді тетігі, – деп атап өтті.

Мемлекеттік тілді меңгеруге бағытталған мұндай ауқымды іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Бөлім басшылығы тарапынан қазақ тілінде жүргізілетін оқыту курстарына, әдістемелік сабақтарға, шығармашылық байқаулар мен мәдени іс-шараларға қолдау көрсетілуде.

Автор: admin