Қазір әлем тез өзгеріп, жылдам дамып бара жатыр. Қол жеткізген табыстарға тоқмейілсіп отыруға мүлде болмайды. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Жолдауда экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыру керек. Орта мерзімдегі мақсатымыз – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 миллиард долларға жеткізу. Ал еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру» деп атап өтті. Осы тұста еңбек өнімділігі деген өте маңызды көрсеткіш. Оны қайткенде арттыра алмақпыз? Сөз жоқ, мұның бірден бір жолы – жоғарғы технологиялық және қосылған құны жоғары өнімдерді көптеп өндіру. Жалпы, қазір кез келген елдің немесе өңірдің экономикасының бәсекеге қабілеттілігі жоғары технологиялық өнімдерді шығаратын кәсіпорындардың болуымен өлшенеді. Міне, сондай іргелі кәсіпорындардың бірі де бірегейі – «Asia Trafo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Шымкенттегі «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан трансформатор жабдықтарын шығаратын зауыты. Бұл Орталық Азиядағы трансформаторлық жабдық өндіретін ең ірі зауыттың бірі. Компания директоры Омар Асановтың айтуынша, зауыттың негізгі өнімі – қуаты 500 МВА дейінгі 110, 220, 500 және 750 кВ кернеу санатындағы майлы трансформаторлар мен автотрансформаторлар және реакторлар. Зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 12 000 мегавольт-амперден асады.
— Жоғарғы ғылыми технологияның негізінде жасалатын бұл тауарлар еліміздің түрлі өңірлерімен қатар Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Украина және Грузияға экспортталуда. Өндірісті басқару толық компьютерлендірілген. Атап айтқанда, өндіріске прогрессивті және экологиялық таза технологиялар енгізілген. Конструкторлық құжаттаманы әзірлеуден бастап, шығарылған бұйымды тұтынушыға жөнелткенге дейінгі бүкіл процесс заманауи бағдарламалық қамтамасыз ету базасында жұмыс істейді. Машина жасау секторындағы әлемдік көшбасшылар қолданатын бұл технология құжат айналымын электронды түрде жүргізуге және өндіріс циклын толықтай визуализациялауға мүмкіндік береді. Басқаша айтар болсақ, бізге тапсырыс берген тұлға немесе компания өз тапсырысының қабылдануынан бастап, трансформатордың дайын болуына дейінгі барлық жұмысты электронды жүйе арқылы бақылап отыра алады. Бұл өз кезегінде өнім сапасының жоғары болуына оң ықпал етеді, – дейді О.Асанов. Зауытқа мұндай басқару жүйесін енгізуге Украинаның «Soft-Team Group» компаниясы көмектескен. Ол кезінде әлемге әйгілі болған Бүкілодақтық трансформатор жасау институтының базасында құрылған іргелі компания. Зауыт алғаш ашылған кезде шетелдік серіктес компанияның мамандары келіп, жергілікті кадрлармен тәжірибе алмасып, олардың біліктілігін арттырыпты. Айта кетейік, бүгінде мемлекет кәсіпорындардың технологиялық процестерді жетілдіруге және өндірісті ұйымдастырудың тиімділігін арттыруға бағытталған индустриялық-инновациялық жобаларына қолдау көрсетеді. Нақтырақ айтқанда, осындай жобалардың кешенді жоспарын әзірлеуге және сараптауға жұмсалған шығындардың 40 пайызын бюджет қаржысы есебінен өтеп береді. «Asia Trafo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы бағыттың аясында 2020 жылы 56 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болған.
Jsk ақпарат