• 28 октября, 2024 4:31 пп

Шымкенттегі 276-орамға инфрақұрылым жүйелері тартылған

Автор:admin

Окт 15, 2023

Биыл Шымкент қаласының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында 11 елдімекенде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның бірі Сауле шағын ауданының жаңақұрылыс аумағында (276 орам) ішкі орамдық жүйелер тартылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. «АГАТ» мердігер мекемесі құрылысты осы жылдың маусым айында бастаған. Бүгінде су құбырының 45 пайызы тартылды. Құрылыс жұмысы толығымен қараша айында аяқталып, Сәуле шағын ауданының тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Сондай-ақ, 276-орамды сапалы ауыз сумен қамтудан бөлек, электр бағаналары да қойылып жатыр. Бұл мақсатта мердігер мекеме «АқсемсерСтройСервис» тарапынан құрылыс жұмысы ағымдағы жылдың шілде айында басталды. Бүгінгі күнге дейін 130 электр бағанасы орнатылды. Құрылыс жұмысы 2022 жылдың IV тоқсанында аяқталып, 1305 тұрғын үй сапалы электрмен қамтылады. Жоспар бойынша Сәуле шағын ауданының жаңақұрылыс аумағында барлығы 76,43 шақырым электр желілері тартылып, 918 электр бағанасы және 1 электр тарату пункті қойылатын болады. Жалпы, қалада 81 елді мекен болса, соның 41-і кезінде Түркістан облысының аудандарынан мегаполиске өткен ауылдар. Қала әкімдігі алдымен инфрақұрылым мәселесін түбегейлі шешіп алудың қамына кірісіп, магистралды газ, су құбырлары тартылды. Бұрын көп кәсіпорын газ қуатының тапшылығынан зардап шегетін. Көптеген жеке сектордағы үйлер табиғи газға қосылу бойынша жарияланған мораторийдің салдарынан «көгілдір отынға» қосыла алмай келді. Жаңадан пайдалануға берілген АГРС-3 газ тарату стансасының септігі­мен мегаполис бойынша «көгілдір отын» қуаттылығы артып, мораторийлік шектеу алынып тасталды. Жоғарыда аталған Асар-2 шағын ауданының тұрғындары да осы станса арқылы тарайтын табиғи газдың игілігін көріп отыр. АГРС-3-тің қуаттылығы 250 мың текше метрді құрай­ды. Бұрынғы ескі станса 180 мың текше метр газ тарататын. Ол қуаттылық қала­ны газбен жабдықтауға толық жетпейтін. Жаңа стансаның мүмкіндігі қаланың сұ­ра­нысынан да артып отыр. Сондықтан АГРС-3-тің салынуы жалпы мегаполистің дамуына үлкен серпін берері сөзсіз. Жоспарға сәйкес Көмешбұлақ су көзінен 25 шақырымдық магистралды су құбыры тартылды. Қаланың солтүстік, солтүстік-ба­тыс бөлігіндегі Асар-2, Достық, Солтүстік саяжай, Ынтымақ, Батыс, Жаңаталап, Көкбұлақ, Игілік секілді елді мекендер осы магистралды құбыр арқылы таза әрі сапалы ауыз су ішіп отыр. Сондай-ақ «Бозарық 220/110/10 КВ» қосалқы стансасы мен 110 кв қоректендіру желісі бар «1-М-1» қосалқы стансасы іске қосылды. Аталған нысандар қала шетіндегі шағын аудандарды электр жарығымен қамтамасыз етуге толық жетеді. Соның нәтижесінде, 250 мың халық тұратын 10 жаңа тұрғын үй алабы үздіксіз электр қуатымен жабдықталды. Қала әкімдігі 2023 жылы үшінші мегаполисте ауыз сумен қамту көрсеткішін жүз пайызға жеткізуді көздеп отыр. Бүгінгі таңда қалаға қарасты 81 елді мекеннің 78-інде ауыз су болса, қалған 3 ауылға Құрсай, Қайнарбұлақ, Сайрам тұрғын алаптарына кестемен беріліп отыр.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin